Ресейде газ өндірісі азайып, мұнайдың түсімі ұлғайып келеді

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Ресейде осы жылдың бірінші тоқсанында газ өндірісі 10 пайызға төмендеген. Бұл жайлы «Коммерсант» басылымы жазды.
Басылымның хабарлуынша, қаңтар-наурыз айларында Ресей Федерациясында газ өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 10%-ға азайып, 180 миллиард текше метрге дейін төмендеген. Ал наурыз айында бұл көрсеткіш 61 миллиард текше метрді құраған. Мұны сарапшылар Еуро Одаққа газ тасымалының шектеле бастауымен байланыстырады. Бұл орайда «Газпромның» өндірісі айтарлықтай төмендеген. Осы жылдың бірінші тоқсанда компания газ өндіруді 18%-ға қысқартқан.
«Газпром» жыл басынан бері газ өндірісіне қатысты статистиканы жариялауды тоқтатқан.

Десе де, «Коммерсант» өзінің ақпарат көздеріне сүйене отырып, компания өндірісінің көлемі бірінші тоқсанда 18%-ға төмендеп, 117 млрд текше метрге дейін, ал наурызда 18%-ға түсіп, 39 млрд. текше метрге дейін азая түскенін анықтаған.
Украинада соғыс басталғаннан кейін «Газпромның» Еуро Одақ елдеріне жеткізілімдері айтарлықтай қысқарған. ЕО бұл компанияның ең ірі тұтынушысы болған. Ал қазіргі таңда газ тек Түркияға тасымалданады, сондай-ақ аз мөлшерде Украина аумағы арқылы экспортталып жатыр.
Мұнай өндірісі артқан
Газ өндірісі төмендегенімен, бұл елде мұнай өндірісі артқан секілді. Бұл жайлы Bloomberg жазды. Басылым Ресейдің мұнай өндірісін арттырып, экспорт көлемі айтарлықтай көтерілгенін анықтаған. Басылымның бағалауынша, теңіз арқылы тасымалданатын мұнай тәулігіне 4 миллион баррельден асқан және оның көлемін қысқарту жоспарланбаған.
Ал бұған дейін басылым мұнай экспортынан түсетін кірістің өскенін, нәтижесінде Ресейдің шетел валютасын сатып алу мүмкіндігі жақсарғаны туралы жазған. Агенттіктің хабарлауынша, мұнай экспорты есебінен бюджеті тұрақтаған Ресей осы мамыр айында шетел валютасын сатып алуды қалпына келтіреді. Юаньмен есептегенде, бұл сома айына 200 млн долларды құрауы мүмкін.
Ақпан айында солтүстік көршіміз мұнай өндіруді тәулігіне 500 мың баррельге қысқартатынын және кейінірек шектеулердің ұзартылатынын мәлімдеген еді. Алайда Bloomberg ресейлік мұнай өндірісінің қысқарғанына күмәнмен қарайды. Агенттіктің хабарлауынша, ОПЕК елдері мамырға жоспарлаған мұнай көлемін қысқартуға қатысты динамиканы бақылауды қиындата түсу үшін Мәскеу мұнай, газ және конденсат өндіру туралы мәліметтерді жариялауды тоқтата тұруы мүмкін екенін жазды. Агенттіктің болжамы дұрыс келіпті. Ресейдің Энергетика министрлігі мұнай өндірісі мен экспортына қатысты деректерді таратуға шектеу қойған болатын. Бұл шешімін өкілетті орган салалық статистикалық деректердің санкцияларға байланысты «сезімтал» екендігін айтып, ондағы ақпарттың Отын-энергетика кешенінің орталық диспетчерлік бөлімінің контрагенттерінің қызметіне қауіп төндіруі себебімен түсіндірген.
Ал сәуір айының басында ОПЕК+ құрамындағы Ресей мен Сауд Арабиясы сынды бірқатар мемлекеттер «мұнай нарығының тұрақтылығын қолдауға бағытталған алдын алу шарасы ретінде» мамырдан бастап жыл соңына дейін мұнай өндірісін қысқартатынын мәлімдеген. Алайда Ресейдің оны қалай орындағанын бақылау қиындай түсетін іспетті.

Сондай-ақ оқыңыз