Шаруалардың банкке өтіп кеткен жерін қайтаратын уақыт келді – Жигули Дайрабаев
Фото: zhvestnik.kz
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Ол ақпараттың жалған екенін айтып, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселеге тоқталды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Меркі ауданының тұрғыны видео жариялап, Дайрабаевтың 120 млн теңге тұратын үйін заңсыз иемденіп алғанын мәлімдеді.
Ал мәжіліс депутаты үйді алған кезде құжатын толық тексергенін айтады.
«Үйдің қожайыны арқылы келісіп, нотариус арқылы заңды түрде алдық. Ерлі-зайыптының арасында қандай жағдай болғаны туралы әңгіме біз үйді алғаннан кейін шықты. Оған біз жауап бермейміз. Оған заң органдары жауап береді. Менің депутат болғанымды, лауазымымды пайдаланып, мүмкін бопсалап жатыр…Менің шашылып жатқан дүние жоқ, сондықтан оны заң органдары шешеді деп ойлаймын», – деді Жигули Дайрабаев.
Депутат Меркі ауданында жері жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Кеңес ауылы азаматтарының шағымына қатысты пікір білдірді.
«Кеңес ауылындағы азаматтар… 2000 жылдары көп жер игерілмей жатты. Ол компанияда жұмыс істедік. Ешкімге «жеріңді өткіз» деген жоқпыз. Компания жерін берді, біз ол жерге егін ектік. Жүгері, қызылша ектік. Сол азаматтардың көбі сол жерде жұмыс істеді. Компанияда 350-500 адамға дейін жұмыс орны ашылды. Менен кейін де ол компанияда 4-5 адам жұмыс істеді. Кей азамат саясатқа байланысты… жақшаның ішінде менің де жолдасым көп қой. Сондай оймен біреулер айдақтауы мүмкін. Банкке өтіп кеткен шаруалардың жерін қайтаратын уақыт келді. Депутат болсам да, болмасам да ауыл шаруашылығы мәселесін көтеретіп жүрген азаматпын», – деп түйіндеді депутат.
Дайрабаевтың басы дауға ілінгені бірінші рет емес. Бұған дейін Жигули Дайрабевтың екі ұлына сот үкімі шыққан. Сотта Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлекеевтің, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтіргені анықталған.
Алайда депутат «балаларым кінәсіз» деп, олардың апелляциялық сотқа жүгінетінін мәлімдеді.