Казгидромет 2023 жылдың жазында су тапшылығын болжап отыр

Жарияланды

Казгидромет болжамы бойынша 2023 жылдың жазында су тапшылығы болуы мүмкін деп болжанып отыр. Бұған қоса, соңғы үш жылда Арал теңізінің жағдайы нашарлады. Оның су көлемі өткен жылы 18.5 млн текше метрге азайып, деңгейі төмендеген. Ал биыл көктемгі су тасқыны кезінде 2 млн текше метр су жеткізіліп, көл суының жалпы көлемі 20 млн текше метрге жеткен. Бұл жайлы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин айтты.

«Трансшекаралық елдермен су энергетикалық ынтымақтастық бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің суға жауапты өкілдерімен кездесу өтіп онда Тоқтағұл су қоймасынан су ағызуды қамтамасыз ету кестесі бекітілді. Арал теңізіне жіберілетін су көлемі 996 млн текше метр шамасында есептеліп отыр», дейді вице-министр.

Ал 2023 жылғы елдегі негізігі су қоймаларының жағдайына тоқталар болсақ, Шардара су қоймасындағы су көлемі 4994 млн текше метрді құрайды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 8 млн текше метрге аз. Қапшағайда су көлемі 17,49 млрд текше метр болды, 2022 жылмен салыстырғанда 860 млн текше метрге артық жиналған. Қырғыз еліндегі Киров су қоймасында су көлемі 410.1 млн текше метрді құрап отыр. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 24 млн текше метрге аз. Шу өзеніндегі Тасөткел қоймасында 318 млн текше метр жиналды. Ал бұл қойманың жобалық көлемі 620 млн текше метрді құрайды.

Дәл осы Тасөткел су қоймасының жағдайы бүгінде күрделі. Өйткені Жамбыл облысындағы Шу және Талас өзендерінің жағдайы тұрақты деп бағаланғанымен, Казгидромет болжамы бойынша 2023 жылдың жазында су тапшылығы болуы мүмкін деп болжанып отыр. Себебі тауларда қар қорының жинақталуы орташа көп жылдық мәндерден әлдеқайда аз. Мұздықтардың нашар еруі салдарынан Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз қоректенуіне байланысты вегетациялық кезеңде нағыз суға қажеттілік уақытында қиындықтар туындауы ықтимал. Вегетациялық кезеңнің басында Жамбыл облысының су қоймалары толық көлемнің 75-92 пайызы жиналған. Сондықтан су тапшылығының алдын алу мақсатында өткен вегетациялық кезеңнің тәжірибесіне сүйене отырып, ылғалсүйгіш дақылдарды ылғылды аз қажет ететін дақылдармен алмастыру ұсынылған. Сонымен қатар агромелиорциялақ шаралар өткізу жоспарланған.

Оның үстіне Жамбыл облысы Шу ауданында құрылысы 2019 жылы басталған Тасөткел қоймасының аяқталмауы жағдайды қиындата түскен. Оған 3,1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қазіргі таңда бұл жұмыстың 50 пайызы ғана орындалып, тоқтап қалған. Тоқтау себебін жергілікті әкімшілік қаржының жоқтығымен түсіндіреді. Соның салдарынан Шу мен Мойынқұм халқы жазғы уақытта сусыз қалуы мүмкін. Халық арнайы бөлінген жоспарлы қаражаттың қайда кеткенін білмейді. Бұл мәселеге министрлік өкілі былай деп жауап берді:

«Тасөткел су қоймасы коммуналдық меншікте. Онда барлық құрылыс жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың басқаруымен жүргізілуде. Дегенмен бұл мәселені білеміз. Бағаның өсуіне байланысты құрылыс жұмысы тоқтап қалды. Бұл жобаға жергілікті ақарушы органдар түзету енгізіп, құрылыстың жергілікті бюджет есебінен жалғасатынын айтты», дейді Ғалидолла Азидуллин.

Сонымен бірге Сырдария өзені бассейні маңында судың аз болу жағдайы жалғасып келеді. Бұл өңірлерде суды үнемдеу мақсатында Қызылорда облысы әкімдіктеріне күріш егу ауқымын 2022 жылғы ауқымнан асырмау тапсырылған. Түркістан облысы әкімдігіне де Достық каналы бойында орналасқан Мақтаарал және Жетісай жерлерінде күріш егуге тыйым салынған.
Ал ішкі су көздеріне қатысты мұндайалаңдаушылық тудыратын мәселе жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз