1 шілдеден бастап елімізде темекі қымбаттайды
«Ашық НҚА» порталында «Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып жатыр.
Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Заңға сәйкес құжатта темекі өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті орган саналатын Қаржы министрлігі фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағаларды белгіледі.
«20 фильтрлі, фильтрсіз сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін 710 теңге, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 770 теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағалары белгіленсін», делінген құжатта.
Ал бұған дейін м мұндай темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек бағасы 650 теңге болған.
Темекі өнімдерінің бағасының ұлғаюына бірінші кезекте 2022 жылғы инфляция 20,3пайызға көтерілуі себеп болған. Сонымен бірге 2023-2024 жылдары акциз мөлшерлемесі 14%-ға ұлғайтылған және импортталатын шикізат пен материалдардың құны орта есеппен 20%-ға өскен. Сонымен қатар темекі өнімдерінің шикізаты мен компоненттерінің логистикасы едәуір күрделенуі де бағаларға өз әсерін тигізген.
Мемлекеттік кірістер комитеті акцизделетін өнімнің алкоголь мен темекі өнімдері және мұнай өнімдері айналымын бақылау нәтиже бергенін, 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл өнімдердің түсімі 1,6 есеге ұлғайғанын мәлімдеген.
Түркия елі 2023 жылғы 31 наурыздан бастап Қазақстан мен басқа мемлекеттерге өңделмеген темекіні әкелуге тыйым салып, темекі бұйымдарында фитосанитариялық сертификаттың болуын және фитосанитариялық бақылауға алынуын талап еткен.