15 мамырда мемлекеттік гранттың 2-легіне өтініш қабылдау басталады

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Жаңа бизнесті бастау және дамытуға берілетін мемлекеттік грантқа өтінішті Business.enbek.kz порталында беруге болады. Республика бойынша екінші лекте 2 697 адамға грант беру жоспарлануда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен хабарлады.

Мемлекеттік грант – қайтарымсыз бастапқы капитал көлемі 400 АЕК, яғни1 380 000 теңгені құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін қажет:

–        Порталда тіркелу;

–        грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

–        бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

–        өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Онлайн өтініш беру мүмкін болмаса халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған мемлекеттік грант алуға;

–        тіркелген жұмыссыздар;

–        жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

–        мүгедектігі бар адамдар;

–        қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

–        өңіраралық қоныс аударушылар

–        аз қамтылған отбасы мүшелері;

–        көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

–        мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

–        асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

«Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді» делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз