Жаңа бизнесті бастау және дамытуға берілетін мемлекеттік грантқа өтінішті Business.enbek.kz порталында беруге болады. Республика бойынша екінші лекте 2 697 адамға грант беру жоспарлануда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен хабарлады.
Мемлекеттік грант – қайтарымсыз бастапқы капитал көлемі 400 АЕК, яғни1 380 000 теңгені құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін қажет:
– Порталда тіркелу;
– грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
– бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
– өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Онлайн өтініш беру мүмкін болмаса халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған мемлекеттік грант алуға;
– тіркелген жұмыссыздар;
– жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
– мүгедектігі бар адамдар;
– қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
– өңіраралық қоныс аударушылар
– аз қамтылған отбасы мүшелері;
– көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
– асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
«Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді» делінген хабарламада.