Отандық банктер мемлекеттен алған ақшасын қашан қайтарады?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Еліміздегі 6 екінші деңгейлі банк мемлекетке қарыздар. Олар – 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына қатысқан «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank (көмек АТФБанк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нурбанк», Halyk Bank және Bank RBK. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, алтауы алған жиынтық сома – 700,5 млрд теңге. Ұлттық Банктің Қазақстандық тұрақтылық қоры жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға шығарылған банк акцияларына айырбасталатын реттелген облигацияларды сатып алды. Сондай-ақ акционерлер қосымша капиталдандыруды жүзеге асырған: тікелей қолма-қол ақшаны енгізу арқылы – 401,5 млрд теңге, банктегі операциялық пайданы сақтау арқылы – 977,3 млрд теңге.

Осы ретте агенттік банктерге қатысты 4 талап енгізіп отыр.

Біріншісі:

Қаржы институттары мемлекеттік қолдау құралдарына түскен табыстан дивиденд бере алмайды.

«Алгоритм былай. Банк өткен жылдағы тапқан табысын анықтайды. Дивиденд мөлшерін білу кезінде одан мемлекеттік қолдау қаржысы есебінен қалыптасқан табысты бөліп тастайды», деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Екіншісі:

Мемлекеттік қолдаудан жеңілдікті немесе кірісті шегергеннен кейін оң капиталдың болуы.

Үшіншісі:

Банктер мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын қайтаруға міндетті, бұл ретте қайтарым сомасы төленген дивидендтерге пропорционалды түрде есептелетін болады – дивидендтер сомасының кемінде 10% және 66%-ынан аспауы тиіс.

Төртіншісі:

Төленген дивиденд көлемін тәуелсіз аудиторлар міндетті түрде растауы тиіс.

Мемлекет қолдауын алып және қолдауын алмай түскен табыс қалай анықталады?

«Кез келген банктің қаржылық есептілігінде бәрі анық жазылады: операциялық қызметтен түскен кіріс, займ беруден түскен кіріс, түрлі қаржылық құралдардан түскен табыс деген сияқты. Соның ішінде қай кірістің мемлекеттік қолдау құралдарынан түскені де көрініп тұрады», дейді Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.

Қаржылық орнықтылықты арттыру бағдарламасынан бөлек мемлекет ірі және жүйе қалыптастырушы банктерге де қолдау көрсеткен. Агенттік дерегі бойынша, 2017 жылдан бері 6,9 трлн теңге «нашар» несиелер есептен шығарылған. 8 төлем қабілеті жоқ екінші деңгейлі банктен лицензия қайтарылған. Стрестік актив мөлшері 7,7-ден 2,3 трлн теңгеге дейін қысқарған. Проблемалық несие портфелі бойынша 982,4 млрд теңгеге провизия қалыптасқан. Төленбегеніне 90 күннен асқан несие деңгейі 12,3-тен (2017 жылғы) 3,3 пайызға (2021 жылғы) төмендеген.

Мемлекет қолдауын алған 6 банк 8,267 трлн теңгеге жаңа займ берген. Соның 4,01 трлн теңгесі – заңды тұлғаларға, 4,257 трлн теңгесі жеке тұлғаларға ұсынылған. Қазір аталған 6 банктің еншісінде 1,8 трлн теңге көлемінде мемлекет қаржысы әлі бар. Сауықтыру бағдарламасына «Еуразиялық банк», «Нурбанк» және «Банк ЦентрКредит» қатысуды жалғастырып жатыр.

Бұл ретте 2014 жылы Forte Bank-ке қолдау көрсету кезінде мемлекеттік бюджеттің, Ұлттық қордың, Ұлттық банктің немесе оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылмаған. Сондықтан қазіргі заң талабы бұл банкке қатысты емес.

«Мемлекеттік қолдау дегеніміз – банктің депозиттер, облигациялар, несиелер бойынша банкке оны қайтарып алу үшін келесі көздерден тиімді шарттарда беретін міндеттемелері: мемлекеттік бюджет, Ұлттық қор, Ұлттық банк, Қазақстанның тұрақты даму қоры, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты. Сондай-ақ экономиканы несиелеу бойынша мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлік субъектілер, ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру аясында алынған қаражат мемлекеттік қарыз қаражаты болып есептелмейді. Дивидендтерді бөлу мемлекеттік қолдау арқылы алынған кірістерге жатпайды. Банктер дивиденд ретінде тек мемлекеттік қолдаудан түсетін кірістен тазартылған операциялық пайданы бөле алады. Бұл ретте банктердің дивидендтті мемлекеттік қолдаудан дисконт (кіріс) шегерілгеннен кейін оң капитал болған жағдайда ғана төлей алатынын ескеру керек», дейді Мәдина Әбілқасымова.

Капиталдағы мемлекеттік қолдаудан түскен кіріс мөлшері төмен банктер үшін жыл сайын мемлекетке қайтаратын сома төленген дивиденд сомасының 10 пайызынан кем болмауы керек. Ал егер капиталдағы мемлекеттік қолдау кірісінің мөлшері айтарлықтай болса, жыл сайынғы қайтаратын сомасы кемінде 66 пайыз болып белгіленеді.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктер мемлекеттен алған ақшасын бірден қайтарып тастай алмайды.

«Реттелген облигацияларға мемлекеттік қолдау қаражаты (шығаруды тек қана кредиттік ұйымдар жүзеге асыруға құқылы эмиссиялық бағалы қағаздар) банктің қаржылық орнықтылығы және жұмыс істемейтін займдар бойынша провизия қалыптастыру үшін берілді. Сол себепті ақшаны бір сәтте қайтару банктердің орнықтылығы үшін үлкен тәуекел тудыруы мүмкін. Барлық банктер қалыптасқан капитал қорын ескере отырып, мерзімінен бұрын кесте бойынша қайтара алатын мемлекеттік қолдау мөлшерін дербес айқындайтын болады», деп түсіндірді агенттік төрағасы.

Еске салайық, 2023 жылдың 1 қаңтарында балансында мемлекеттік қолдау құралдары бар банктер үшін заңнамалық шектеулер енгізді.

Сондай-ақ оқыңыз