Алматы мәслихатына Башинскаяның орнына басқа депутат сайланады
Фото: Башинскаяның әлеуметтік желідегі парақшасынан
Анна Башинская 2 мамыр күні Алматы қаласының депутаты мандаты тапсырған болатын. Ол бір мандатты округ бойынша сайлауға түскен еді.
Енді «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 101-бабы, 3-1-бөлігіне сәйкес оның орнына басқа депутатты сайлау комиссиясы тағайындауы тиіс.
Құжатта:
«Шығып кеткендердің орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау наурыздың соңғы жексенбісінде және (немесе) қазанның соңғы жексенбісінде бір мезгілде өткізіледі. Орталық сайлау комиссиясымен келісім бойынша шығып кеткендердің орнына мәслихаттар депутаттарын сайлауды тиісті сайлау комиссиясы басқа күнге белгілей алады… Сайлау күні туралы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады», делінген.
Яғни сайлау комиссиясы бос орынға мәслихат депутаты сайлауын 2023 жылғы 29 қазанға тағайындай алады немесе ОСК-мен келісе отырып сайлауды басқа күнге белгілей алады. Ол орынға Алматы қаласындағы №4 сайлау округінде тіркелген алматылықтар дауыс бере алады.
Ал сайлауды қаржыландыру «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 33-бабы,1-бөлігіне сәйкес «мәслихаттар депутаттарын сайлау «республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттар үшін ашылған шоттары арқылы жүзеге асады».
Осыған дейін Amanat партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров Amanat-тың «басқа елдердің саясатына араласпайтынын» атап өтіп, депуптат мәлімдемесі партия ұстанымына сәйкес келмейтінін айтқан.
Дәл сол күні Анна Башинская Алматы қаласы мәслихатының депутаты мандатын тапсырды. Ал Amanat партиясының орынбасары, атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Анна Башинскаяның Алматы қаласы мәслихатының депутаттығынан ғана емес, партия қатарынан да кеткенін мәлімдеген болатын.