Қазақстан 26 елмен визасыз режим енгізу туралы келіссөз жүргізуде
Фото: kursiv.media
Қазақстан 26 елмен өзара визасыз режим енгізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Олардың қатарында Австрия, Сауд Арабиясы, Сан-Марино, Бахрейн және басқа елдер бар. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлайды.
Сонымен қатар, Қазақстанға шақыру туралы талаптың күшін жою және азаматтары электронды виза рәсімдей алатын елдердің тізбесін кеңейту қарастырылады.
Бұдан бөлек, БАӘ азаматтары үшін визаны жеңілдетілген түрде беру мәселесі талқыланып жатыр.
«Шетелдік саяхатшылардың Қазақстанға қызығушылығы жоғары. Сол себепті біз еліміздің туристік әлеуетін толық ашу үшін жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде келуші туристер ағынын ұлғайту мақсатындағы іс-шаралар бар. Сонымен қатар, біз көші-қонды бақылауды жақсартуға мүмкіндік беретін тетіктерді іске асырып отырмыз. Соның бірі eQonaq ақпараттық жүйесі», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим енгізетіні хабарланған. Қазақстан азаматтары Қытайда Мемлекеттік шекарадан өткен сәттен бастап 30 күн визасыз бола алады. Осыған ұқсас ережелер Қазақстанға келетін ҚХР азаматтары үшін де қолданылады.
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим инвесторларды қолдауға бағытталған.
«Қытай азаматтарының 2022 жылдың маусымынан бастап Қазақстанда визасыз жүруге құқығы бар. Өздеріңіз білетіндей, Қытай азаматтары 14 күнге Қазақстанға визасыз келе алады. Ал жаңа жасалып жатқан келісімнің негізгі мақсаты – қазақстандықтардың шетелдік сапарлардағы мобильдігін арттыру. Бұл келісім бізге ұтымды. Қазақстан азаматтары Қытайға визасыз бара алады», – деді ол.
Алайда бұл қаулы халық арасында қарсы пікір тудырды. Қаулыға түсініктеме берген Айбек Смадияров қаулыға мамыр айында қол қойылып, содан кейін ғана күшіне енетінін айтты.