Алматы әуежайының жаңа терминалы 2024 жылы қолданысқа беріледі

Жарияланды
аэропорт
Фото: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен TAV Airports холдингінің президенті Серкан Каптан Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады. Талқылау барысында Алматы әуежайының жаңа терминалы келер жылы іске қосылатыны айтылды.

«Біз үшін Алматы әуежайы маңызды жобалардың бірі, өйткені ол Орталық Азияның қақ ортасында орналасқан және қала үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де маңызды рөл атқарады. Сондықтан біз оны мүмкіндігінше тезірек дамытуға тырысамыз. Жаңа терминал келер жылы жұмыс істей бастайды деп үміттенеміз», — деді Серкан Каптан.

Әлихан Смайылов жаңа терминал құрылысы жолаушылар тасымалын айтарлықтай арттырып, ұшу географиясын кеңейтіп, мегаполис тұрғындары мен қонақтарына жоғары деңгейдегі жайлы қызмет көрсететінін атап өтті.

«Біз еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға үлкен көңіл бөлеміз. Бүгінде Үкімет алдында Қазақстанның сенімді континенттік транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейту міндеті», деді Премьер-министр.

Алматы әуежайын TAV Airports холдингі 2021 жылы 415 миллион долларға сатып алған еді.

2022 жылдың шілдесінде TAV Airports холдингінің жыл басында жаңа терминалдың құрылысын бастағаны хабарланған болатын. Сол кезде қоғам белсенділері 1936 жылы салынған тарихи ескерткішті бұзуға қарсы болып, алайда компания сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сай терминалды сақтау мүмкін емес деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз