1 маусымнан электр энергиясының шекті тарифі өзгереді
Фото: kursiv.media
2023 жылғы 1 маусымнан еліміздің кейбір аймақтарында электр энергиясының тарифі көтеріледі. Еліміздегі 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифті түзетуге өтінім берген. Соның ішінде 20 энергия өндіруші ұйымның тарифі бұрынғы деңгейде сақталады, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.
«Өтінімдерді қарау кезінде Энергетика министрлігі әрбір жеке жағдайда жеке тәсілді қолданды. Энергия өндіруші ұйымдарды негізгі және қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды ауқымды жөндеу жүргізе отырып, алдағы жылыту маусымына дайындаумен байланысты уақтылы шешуді талап ететін өтінімдер назарға алынды», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдарының генерациялаушы қуатының тозуы шамамен 58%-ды құрайды. Соның ішінде бірқатар ЖЭО-да тозу деңгейі 90%-ға дейін жеткен. Айталық, Степногор ЖЭО-сы – 82%, Риддер ЖЭО-сы – 75%, Орал ЖЭО 86% тозып түр.
«Жалпы алғанда, шекті тариф жобасы алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықты, материалдар мен жабдықтар құнының өсуін, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдарға тәуелсіз, оның ішінде отын мен оны тасымалдау құнының артуына байланысты шығындарды ұлғайтуды көздейді», дейді министрлік.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров биыл жазда электр қуаты мен су, жылу бағасы қымбаттайтынын айтқан болатын. Оның мөлшері нақты аймаққа және ЖЭО-ның тозу деңгейіне байланысты болады. Коммуналдық қызмет тарифі 10 пайыздан 45%-ға дейін қымбаттауы ықтимал.
Ал «Самұрық-Энерго» басшысы Серік Түйтебаев Қазақстанның электр станциялары шығынға батып отыр деп мәлімдеді.
Энергетика министрлігі былтыр жылу электр станциялары мен желілерінің жай-күйіне тексеру жүргізді. Қазақстандағы 37 жылу электр орталығының 19-ы апатты жағдайда тұр. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған. Министрлік оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет деді.