Жаңалықтар

Эмомали Рахмон Қазақстанды Тәжікстанның мұнай-газ кен орындарын игеруге шақырды

Фото: kursiv.media

Эмомали Рахмон Қазақастанды Тәжікстанның мұнай-газ кен орындарын игеруге шақырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан басшысы екі ел арасындағы әріптестік өзара ынтымақтастық сипатқа ие болғанын атап өткен. Соның ішінде тау-кен металлургия салаларындағы әріптестікке басымдық берілген.

«Біз қазақстандық тарапты болашағы бар мұнай мен газ кен орындарын игеруге шақырдық», – деді Рахмон БАҚ өкілдеріне.

Сондай-ақ Тәжікстан басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика салаларын атап өтті.

«Біз цифрландыру мен жасанды интеллект, банк және қаржы нарығын дамыту саласындағы ынтымақтастық екі жаққа да тиімді деп санаймыз», – деді Эмомали Рахмон.

Кеше Тәжікстан Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесуі барысында екі ел кәсіпкерлері 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанын, екі ел үкіметі осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалайтынын айтқан болатын.  

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қазіргі кезде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-саттық көлемі 1,4 млрд АҚШ долларына жеткенін мәлімдеді.

«Тәжікстан өңірдегі негізгі серіктестеріміздің бірі, өзара сауда саттығымыз 1,4 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – үлкен жетістік, себебі алдымызда қойылған мақсат 1 млрд АҚШ доллары еді. Оның ішінде біздің экспорт көлемі жылдан жылға артып, 877 миллион доллар болды. Тәжікстанның импорт көлемі 501 млн АҚШ долларға жеттіп отыр», деді Жұманғарин.