Елімізде биылғы жылдың І тоқсанда әуе көлігімен 2,7 млн жолаушы тасымалданды. Осылайша қаңтар-наурыз айларында әуе көлігімен тасымалданған жолаушылар саны 2 724 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш 2002 жылғы тиісті кезең көрсеткішінен 39,5%-ға артық. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
«Әуе көлігімен тасымалдаудан түскен кіріс бірінші тоқсанда 151 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге көбейді. Осы ретте 2023 жылғы наурызбен салыстырғанда сәуір айында әуе сапарларының бағасы 17,7% – ға қымбаттады», делінген хабарламада.
Осылайша, жолаушылар айналымы 2022 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 1,7 есеге өскен. Әуе сапарында жолаушылар таңдаған ең танымал бағыт – Алматы қаласы болды, онда І тоқсанда 893 мың жолаушы тасымалданған. Екінші орында Астана – 722 мың жолаушы, үшінші танымал бағыт Шымкент қаласы – 268 мың жолаушы сапарлаған.