Жаңалықтар

Сәуір айында елімізде іскерлік белсенділік баяулады

Фото: shutterstock.com

Сәуір аайында еліміздегі іскерлік белсенділік аздап баяулады, дегенмен оң аймақта – 51,2%-ды құрады. Наурызда ол 51,6 пайыз болған. Осылайша, бизнес-ахуал индексі 14,3-ті (наурызда – 16,5) құрап, бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсу аймағында қалды.

ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің айтуынша, көрсеткіш динамикасына өндірістегі индекс өзгерісі әсер еткен.

Бұл секторда тауарлы-материалдық қорлардың көлемі азаюына байланысты индекс 49,6 (наурызда – 52,9) болып, теріс аймаққа өтті. Құрылыста да көрсеткіштің нашарлағаны байқалып, іскерлік белсенділік (наурыздағы 53,3-тен) 50,4-ке дейін  баяулады. Алайда, индекс өсу аймағында қалды. Қызмет көрсету секторында көрсеткіштің аздап жақсарғаны (наурыздағы 51,7-ден 52,0-ге дейін) байқалды. Тау-кен өнеркәсібінде көрсеткіш әлі де теріс аймақта болғанымен, (наурыздағы 48,6-дан) 49,8-ге дейін жақсара түсті» , дейді ҰБ өкілі.

Жеткізу мерзімінің ұзақтығы барлық сектор үшін іскерлік белсенділікті тежейтін фактор болып отыр.

Қазіргі және болашақ бизнес жүргізу жағдайларының аздап төмендеуіне қарамастан, бизнес-ахуал индексі оң мәнге ие. Индекстің төмендеуі қызмет көрсетуден басқа барлық секторда байқалды.

Наурыз айында жеткізілім тізбегіндегі проблемаларға қарамастан, іскерлік белсенділік жақсарған еді. Барлық сектордағы кәсіпорындар жаңа тапсырыстар мен тауарлы-материалдық қорлардың көлемі артқан.

Оған дейін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов тауарлардың кеш жеткізілуі елдегі іскерлік белсенділікті тежеп отыр деген еді.

«Іскерлік белсенділіктің жаһандық индексі 6 ай төмендеген соң қаңтардағы 49,8-ден ақпанда 52,1-ге дейін өсті. Қытай экономикасының ашылуына байланысты сұраныс артып, рецессиялық тәуекелдер төмендеп, логистикалық маршруттар жөнге келгендіктен баға қысымының әлсірегені байқалды», – деді Пірматов.