Жаңалықтар

Еліміздегі сүт өнімдерінің бағасы Ресейден келетін қаптама құнына тәуелді ме?

Сүт өндірісі

2022 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерінің өндіріс көлемі 3,9 пайызға өсіп, 2,9 трлн теңгені құраған. Мысалы, өсімдік майы, ұн, макарон өнімі, жарма, қант өнімдерінің өндірісі артқан. Сондай-ақ өндіру деңгейі төмендеген өнімдер де жетерлік. Олардың көшін сүт өнімдері бастап тұр. Елде сары май, сүт, сыр, сүзбе сияқты өнімдердің өндірісі күрт төмендеген. Бұл әрине, алаңдатарлық ахуал.

Жалпы, сүт саласындағы проблемалар былтырдан бері жиі айтыла бастады. Тіпті жанайқай дәрежесіне де көтерілді десе болғандай.

Қазақстан  сүт одағының директоры Владимир Кожевниковтың айтуынша, сүт өнімдерінің өндірісі артқан күнде де шикізат жинау дейтін түйткіл шешімін таппай қала береді. Ал «Эмиль» ЖШС директоры Анна Аберле екі жыл бойы сары майға субсидия ала алмай жүрміз дейді. Қазақстанмен салыстырғанда субсидия үлесі Ресей мен Беларусьте біршама жоғары. Мамандардың айтуынша, аталған елдерден импорттың көп болуына да осы фактор себепші.

«Тауарлық сүттің бағасы 60%-ға өсті, бірақ сатып алу қабілеті мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу сары майдың құнын пропорционалды түрде арттыруға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ аграрлық саланың стратегиялық дамуын айқындау және субсидиялау механизмін тұрақтандыру қажет. Мемлекеттік қолдау шарттарының жиі өзгеруі бизнестің дамуына кедергі келтіреді», дейді.

«Айс плюс» сүт компаниясының басшысы Қуаныш Ищановтың айтуынша, отандық кәсіпорындарда шикізат тапшылығы бар. Қазақстанда өндірілген 4 млн тоннаға жуық тауарлық сүт 2,2 млн тонна көлемінде шикізатқа қайта өңдеушілердің қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуі тиіс. Алайда бүгінде өңдеуге тек 1,7 млн тонна тауарлық сүт түседі екен.

«Қазақстанда сүт өнімдерін өндіру үшін отандық өндірушілерге қарағанда Беларусь пен Ресейден құрғақ сүт пен май сатып алу тиімдірек. Субсидиялау қағидаларының өзгеруі жазғы маусымда жергілікті тауар өндірушілерден толық сүтті сатып алудың азаюына және сары май өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Бүгінде сүт саласы бұрынғыдан да мемлекеттік қолдауды көбірек қажет етеді», дейді Қуаныш Ищанов.

Өндірушілердің сөзінше, егер олардың ұсыныстары елеусіз қалса онда нарықтағы тауар ассортименті қысқара бастайды.

«Мемлекеттік қолдау шараларын ұдайы қайта қарау кәсіпорын жұмысына да, өндіріске салынатын инвестицияға да кері әсерін тигізеді. Бизнес бағдарын жоғалтты. Үнемі белгісіздік жағдайында өмір сүреді және сол себепті мемлекеттік қолдау шараларына сүйеніп ұзақ мерзімді жоспарлар құра алмайды. Біздің ойымызша, тереңірек өңдеу өнімдерін өндіру үшін сатып алынған шикізат құнын субсидиялауды қайта қарауға қатысты ұсынылған өзгерістер бизнестің пікірін білмей, тиісті талдау жүргізілмей ұсынылады. Көбіне Сүт одағының мүшелерімен шеше салады. Олар – елдегі сүт өнімдері өндірісінің 70 пайызын құрайтын 42 кәсіпорын. Ал одаққа кірмейтін қалған кәсіпорындарға субсидиялардағы ықтимал өзгерістер туралы мүлде хабарланбаған», деп пікір білдіреді Владимир Кожевников.

Қазіргі уақытта сүттің 71 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Ал олар күзгі-қысқы кезеңде өңдеуге сүт тапсыруды толық тоқтатады. Шикізат тапшылығы қаупін түсіне отырып, сүт өңдеу кәсіпорындары сүт өнімдерін өндіруге болашақ шикізат ретінде сары майды жазда сатып алады. Шикізат бағасы да үнемі өзгеріп отырады. Мысалы, соңғы екі жылда сүт шикізаттың бағасы 61 пайызға өсті, сәйкесінше сары майдың шикізаттық өзіндік құны 45,5 пайызға артты.

«Тек сатып алынған сары майға субсидия жасау сүт өңдеу кәсіпорындарын өндіріс үшін жаздағы артық сүтті сатып алу мүмкіндігінен айырады. Қайта өңдеушілердің өнімді дайындау және оны кейінірек сату үшін маусымда сатып алуға қаржылық мүмкіндігі болмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияның басты мақсатын ұмытып кеткен сыңайлы, басты мақсат – май өндірісін ұлғайтуды ынталандыру, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және отандық өнімді тек сөрелерде ғана емес, сонымен қатар шикізат түрінде де ұстау емес пе. Сондықтан біз субсидиялау ережесін өзгертпеуді, бақылау тетігін жетілдіруді ұсынамыз», дейді одақ басшысы.

Соңғы кезде бұған тағы бір түйткіл қосылды. Өндірушілердің айтуынша, Ресейден келетін қаптама бағасының өсуіне байланысты сүт бағасы қымбаттай түскен.

«Біріншіден, қаптама қымбаттады. Қаңтар мен қазіргі кезді алсақ, сүт қаптамасы 135 пайызға көтерілді. Қаймақ қаптамасы 100 пайызға қымбаттады. 2021 жылдан бастап электр энергиясы мен су құны 20 пайызға өсті», дейді «Текелі» зауытының директ оры Денис Дё.

Қалай болғанда да шикізат базасының азаюына байланысты елде сүт өнімдерінің өндіріс көлемінің төмендеп тұрғаны рас. 

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, отандық сүт зауыттарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ету және сүт бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай азайту үшін биыл өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын салу мақсатында 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Келесі жылдары жоспарда қосымша 50 тауарлы-сүт фермасын салу бар, оған 113 млрд теңге қаражат қажет», дейді Е. Қарашөкеев.