Үкімет резервінен Ақтау мен оның маңындағы ауылдарға газ құбырын жүргізуге 3,7 млрд теңге бөлінеді
Фото: kursiv.media
Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге Ақтау қаласы мен қалаға жақын маңдағы ауыл тұрғындарын жылу және газбен қамтамасыз етуге бөлінеді. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл қаржы «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырынан автоматтандырылған газ тарату стансасы орнатылатын магистральдық газ құбыры құрылысын аяқтауға бөлінеді.
«Жалпы ұзындығы 52 шақырым болатын жаңа газ құбыры Ақтау қаласының жаңа шағын аудандары, Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе, Дәулет, Баянды ауылдары, сондай-ақ Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдарының 150 мыңға жуық тұрғынын жылумен және тауарлық газбен қамтамасыз етеді. Жоба құрылысы Каспий энергетикалық хабының сыртқы инфрақұрылымын дамыту аясында жүргізіліп жатыр» , делінген хабарламада.
Биыл қаланың кеңейіп келе жатқан бөлігін жылумен қамту мақсатында бірқатар блок-модульді қазандықтарды орнату және екі жаңа қазандық салу жоспарланған. Жаңа қуат көздері газбен жұмыс істейтін болады, осыған байланысты тиісті инфрақұрылымды кеңейту қажет.