Климаттық өзгеріс салдары болашақта қақтығыстарға әкелуі мүмкін – Азия Даму Банкі

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Орталық және Батыс Азия және оған көршілес елдер климат өзгерісінің барған сайын ауыр зардаптарын жою үшін бірлесіп жұмыс істеуі керек, өйткені бұл жағдай болашақта су тапшылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне тіпті аймақтағы қақтығыстарға әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы Азия даму банкі (АДБ) мәлімдеді.

«Орталық және Батыс Азия ауа райындағы соңғы құбылыстар шұғыл ұжымдық шаралар қабылдау қажет екенін көрсетіп отыр. Сол себепті бұл аймақ елдері парниктік газдар шығарындыларын азайтуды қолға алып, климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру және барлық адамдардың игілігі үшін құнды ортақ табиғи ресурстарды басқару үшін бірлесіп жұмыс істеуі керек», дейді АДБ Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Евгений Жуков.

АДБ өкілі бұл пікірін банктің 56-жылдық мерейтойына қатысты жиында айтты. Онда «Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығы 2030: климаттың өзгеруі проблемасын шешу жөніндегі өңірлік іс-қимылдарды қолдау»атты зерттеу жобасы таныстырылды. Бұл бағдарлама ОАЭЫ мүше елдердегі климаттық проблемалар мен мүмкіндіктерді зерделеу мақсатында дайындалған.

Зерттеуге сәйкес климаттың өзгеруі Орталық Азия, Моңғолия, Пәкістан, Қытай Халық Республикасы және Оңтүстік Кавказ сынды ОАЭЫ мүше елдерге өз әсерін тигізеді. Бұл аймақтарда температураның жоғарылауы су тапшылығына, шөлейтті аймақтардың көбеюіне, су тасқынының артуына, құрғақшылыққа әкелуі мүмкін.

Егер Орталық Азияда суару жүйелері мен басқа да өмірлік маңызы бар су инфрақұрылымы жаңғыртылмаса, су тапшылығы 2050 жылға қарай 37% құрауы мүмкін. Мұндай тапшылық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлеміне, азық-түлік қауіпсіздігі жағдайының нашарлауына және денсаулық көрсеткіштерінің нашарлауына әкелу мүмкін. Бұл ресурстардың шектелуі аймақтық қақтығыстар ықтималдығын артттыра түспек.

Аталмыш зерттеуде ОАЭЫ бағдарламасы ынтымақтастықтың басым секторларын анықтайтын климаттың өзгеруіне қарсы стратегияны әзірлеуді ұсынды. Климат өзгерісінің салдарларын азайту және бейімделу әлеуеті жоғары жобаларды қаржыландырып, жүзеге асыру мәселесі де қамтылды.

«Климаттың өзгеруі бүгінгі күннің басты мәселесі болғанымен, «жаңа климаттық экономикада» бұрын – соңды болмаған мүмкіндіктер жатыр. Таза энергияны көбірек пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал климатқа төзімді ауыл шаруашылықтары шаруалардың өмір сүру сапасын көтереді», дейді АДБ Орталық және Батыс Азиядағы өңірлік ынтымақтастық жөніндегі директоры Ләззат Сабырова.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін екенін айтып, қазақстандықтарды үнемшіл болуға шақырды.

Ал Казгидромет болжамы бойынша 2023 жылдың жазында елімізде су тапшылығы болуы мүмкін. Бұған қоса, соңғы үш жылда Арал теңізінің жағдайы да нашарлаған. Оның су көлемі өткен жылы 18.5 млн текше метрге азайып, деңгейі төмендеп кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз