Қамсыз отыруға болмайды. Барлық жағдайға сақадай сай болу маңызды – Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы және Жеңіс күнімен құттықтап, жыл сайын қатар атап өтілетін қос мереке Отан үшін от кешкен аға буын мен егемен елдің сарбаздары арасындағы сабақтастықты білдіретініне назар аударды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан бейбіт мемлекет екенін атап өтті.
«Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Сондай-ақ өмір жолын әскери қызметке арнаған мамандардың кәсіби міндеті. Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз барлық елдермен достық қатынас орнаттық. Мемлекеттер арасындағы кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу керек деп санаймыз. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Барлық жағдайға сақадай сай болуымыз айрықша маңызды. Еліміздің қорғаныс және қауіпсіздік саласын күшейту – басты міндеттің бірі«, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент ел тыныштығын, мемлекет қауіпсіздігін қорғауға атсалысып жүрген барша азаматқа алғыс айтты.
Бүгін Мемлекет басшысы жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.