Қазақстан Өзбекстанмен өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге ниетті

Жарияланды

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

2022 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 5 млрд долларға жеткен. Енді оның көлемін болашақта 10 млрд долларға жеткізу жоспары тұр. Бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен жүргізген келіссөз барысында айтқан.

Ташкентте Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 20-отырысы өтіп жатыр. Келессөз осы отырыс алдына жүргізілген.

Әлихан Смайылов Өзбекстан еліміздің сауда саласындағы ірі серіктестерінің бірі екенін айтып өтті.

«Бұл ортақ күш-жігердің арқасында мүмкін болып отыр. Енді алға қойылған жоғары деңгейдегі міндеттерге сәйкес орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымының көлемін $10 млрд-қа дейін ұлғайту керек», деді Қазақстанның Үкімет басшысы.

Тараптар қазақ-өзбек өзара іс-қимылының бірқатар өзекті мәселесін, оның ішінде сауда, өнеркәсіп кооперациясы, инвестициялық қызмет, энергетика, логистика, трансшекаралық су нысандарын пайдалану, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және т.б. салалардағы бірлескен қадамдарды талқылады.

Өз тарапынан Абдулла Арипов екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту үшін әлеуеттің зор екенін айтқан.

«Өзара саудада оң динамика байқалады. Экономиканың көптеген саласында өнеркәсіп кооперациясының маңызды жобалары іске асып жатыр. Өзбекстан сауда, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті. Жалпы біз бауырлас Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз», — деді Абдулла Арипов.

Сондай-ақ оқыңыз