Қазақстанда конструктор-автокөліктерді заңдастыруға рұқсат етілді

Жарияланды
легализация
Фото: Shutterstock

Үкімет конструктор-автокөліктерді заңдастыруға және бастапқы тіркеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиісті ережелерге өзгеріс енгізді. Мұндай көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым мөлшерлемесі 200 мың теңгені құрайды.

Жыл басынан Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға мүмкіндік берілгені белгілі. Ал, бұған дейін елге қосалқы бөлшектер ретінде әкелінген көлік иелері ресми тіркеу құжаттарының жоқтығынан қиындықтарға тап болды.

Тіркелу үшін:

  • өтініш;
  • ішкі істер органдарының уәкілетті қызметкері берген көлік құралын тексеріп-қарау актісі;
  • техникалық тексеріп-қараудың диагностикалық картасы болуы қажет.

Автокөліктерді заңдастыру үшін өтінімді Egov қызметтері және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.

«ҚР-ға қосалқы бөлшектер түрімен әкелінген және кедендік тазартудан өтпеген автокөлікті тіркеу куәлігінде меншік құқығын өзгертуге тыйым салу және тек ҚР аумағында пайдалануға рұқсат беру туралы жазба көрсетіледі», деп жазылған хабарламада.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, акция басталғалы республика бойынша 107 мыңнан астам көлік заңдастырылған. Сонымен қатар 14 мыңға жуық конструктор-автокөлік анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз