Геосаяси тәуекел және оның Азия мен Кавказ елдері экономикасына әсері қандай?

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Халықаралық валюта қоры сарапшыларының айтуынша, 2022 жылы Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері жаһандық қауіп-қатерге алдыра қойған жоқ. Алайда биыл Орталық Азия және Кавказ елдерінің (ОАК) экономикасы сыртқы факторларға айрықша тәуелді болмақ. Сыртқы факторлар – қатаңдатылған ақша-несие саясаты, сауда бойынша негізгі серіктес елдердегі экономикалық өсім, жеке аударымдар динамикасы және Ресейден келетін мигранттар ағыны.

Қор таяуда жария еткен баяндамасында Орталық Азия және Кавказ елдерінде соңғы уақытта екі үрдістің қатар жүріп жатқаны айтылады. Олар – пандемиядан кейінгі қалпына келудің жалғасуы және Украинадағы соғыстың қайталама эффектілері. Өз кезегінде соңғы фактор биржалық тауарлардың әлемдік бағасына елеулі әсер етуде.

«Биржалық саудадағы энергия шикізатының қымбаттауы мұнай экспорттаушы елдердің сыртқы экономикалық операцияларының теңгеріміне жағымды әсер етті. Ресейдегі күтілгеннен де жоғары өнім азық-түлік импортының тұрақтылығына ықпал етіп, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты азайтты» делінген баяндамада.

Дегенмен Ресейден азық-түлік импортының жоғары үлесіне байланысты рубльдің нығаюы ОАК елдерінің көпшілігінде импорттық азық-түлік бағасының айтарлықтай инфляциясына әкелді.

«Тұтастай алғанда, әлемдік шикізат бағасының жоғарылауы мен жалақы қысымының әсерінен инфляция екі таңбалы деңгейде қалды. Экономикалық өсу 2023 жылы баяулайды деп күтілуде. Соғыс экономикалық болжамға үлкен белгісіздік әкелді. Тиісті ағындарды алушылар болып есептелетін ОАК елдері экономикасының салыстырмалы мөлшерін ескере отырып, кіріс ағындары бағытының өзгеруі, болжаммен салыстырғанда Ресейдегі өсу көрсеткіштерінің нашарлауы, жеткізу тізбегіндегі бұзушылықтар немесе ақша аударымдарының төмендеуі болашақта ОАК үшін жағымсыз күйзелістер тудыруы ықтимал», делінеді баяндамада.

Олардың бағалауынша, Ресейден жасалатын жеке трансферттердің күрт артуы және мигранттар ағыны ОАК елдеріндегі ақша аударымдарының өсіміне әсер етті. 2022 жылы ОАК-тағы өсім 4,8 пайызды құрады және Армениядағы 12,6 пайыздан Қазақстандағы 3,2 пайызға дейінгі аралықтағы диапазонда болды.

Пандемиядан кейін туризмнің қалпына келуі Армения мен Грузияда экспортты қолдады, ал нақты мәндегі жалақы өсімі Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстандағы ішкі сұранысты қолдапты. Белсенді өсім көп елдерде жұмыссыздықтың жедел қысқаруына алып келді. Ал инфляция 2022 жылдың ортасынан бері Армения, Грузия және Тәжікстанда төмендегенімен, Қазақстан мен Қырғызстанда әлі жоғары күйінде қалып отыр.

Жоғарылаған инфляцияның Қазақстан мен Қырғызстанда әлі де жалғасуы олардың төл валюталарының рубльге қатысты 20-30 пайыз төмендеуімен және Ресейден келетін импорт үлесінің жоғары болуымен байланысты. Өзге факторлар – жалақының жедел өсімі, Ресейден келген мигранттар туғызған сұраныс тарапынан қысымның артуы, қатаң ақша-несие саясатына қарамастан белсенді тұтынушылық несиелеу.

«Соңғы 20 жылда Ресей, Кавказ және Орталық Азия синхронды өсім көрсетті. Бұл олардың арасындағы берік сауда және қаржылық қатынасының нәтижесі еді. 2022 жылы Ресейдегі құлдырау ОАК елдеріндегі экономикалық өсімнің төмендеуіне алып келген жоқ. Керісінше, ОАК-тың көп елі күтпеген сыртқы оң эффектілер әсерінен күрт өсімге ие болды. Жеке қаражат ағыны лезде артып шыға келді. Ресейден Армения, Грузия, Әзербайжан елдеріне аударым алдыңғы жылдармен салыстырғанда 5 есе өсіп, ішкі жалпы өнімнің, 17, 8 және 3 пайызын құрады. Жеке қаражат аударымдарының ұлғаюы Тәжікстан мен Өзбекстанда да байқалды: ЖІӨ-нің 13 және 23 пайызы. Сонымен қатар тарихи түрде Ресейден келген еңбек мигранттарының ақша аударымдарына тәуелді Қырғыз Республикасына таза ақша аударымдары, керісінше, 2022 жылы ЖІӨ-нің шамамен 6 пайыздық тармағына қысқарды», деп хабарлады ХВҚ.

Олардың бағалауынша, Ресейден ОАК елдеріне барған мигрант саны 50 мыңнан 150 мыңға дейінгі аралықта.

Таяу Шығыс пен Орталық Азияның аймақтық экономикалық болжамы есебін ХВҚ-ның Таяу Шығыс және Орталық Азия департаменті (ТОД) әр көктем мен күзде шығарады. Есепте қамтылған талдаулар мен болжамдар департаменттің мүше мемлекеттердегі экономикалық оқиғалар мен экономикалық саясаттарды қадағалау нәтижесінде айқындалады. Ол ең алдымен, ТОД қызметкерлерінің мүше мемлекеттермен кеңесу арқылы жинайтын ақпаратына негізделген.

Сондай-ақ оқыңыз