Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің шақыруымен 9 мамыр күні Мәскеудегі парадқа қатысады

Фото: Ақорда

Ақорданың баспасөз қызметі 8-9 мамыр күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жұмыс сапарымен баратынын жария етті.

Сапар барысында Президент Тверь облысындағы Ржев мемориалына барып, 100-ші және 101-ші атқыштар дивизияларының құрамында шайқасып, қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің рухына тағзым етеді. Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына барады. Онда Президенттің әкесінің ағасы Қасым Болтаев та жерленген.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Мәскеуде 9 мамыр күні өтетін парадқа қатысатыны да хабарланды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамыр күні Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына арналған парадқа қатысады. Салтанатты шараға Ресей тарапы ТМД-ға мүше елдердің басшыларын шақырған»,-делінген хабарламада.

Ал, 8-мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев Асатанадағы «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті. Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ардагерлермен әңгімелесіп, оларды Жеңіс күнімен құттықтады.

Сонымен қатар, Ақорданың баспасөз қызметі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 17-19 мамырда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен баратынын хабарлады. Сиань қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ, сапар аясында Президент Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі және «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда Отан қорғаушылар мерекесінің құрметіне әскери парад өткізілген жоқ. Қазақстанда бюджет қаражатын үнемдеу және армияның бірінші кезектегі міндеттерін шешу қажеттілігі үшін Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай дәстүрлі әскери шеру биыл жоспарланбаған, деп хабарлаған еді, Қорғаныс министрлігінен.