Қазақстан Президенті Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Жеңістің 78 жылдығына орай Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа барды. Сондай-ақ Белгісіз жауынгер бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Парадта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Ресей Президенті Владимир Путинмен қатар Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян болды.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметі оның 8-9 мамыр күндері Ресейге сапарлайтынын хабарлаған болатын. Ол сапар аясында 8-мамыр күні Мемлекет басшысы Ресейдің Ржев округі Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына гүл шоғын қойды. Бұл жерде 2 мыңнан астам сарбаз жерленген. Олардың қатарында Президенттің ағасы – Қасым Болтаев та бар.
Қазақстан Президенті сондай-ақ, қазақстандықтарды 9 мамыр мерекесімен құттықтап, бұл күннің ел тарихында айрықша орны бар мереке екенін атап өтті.