Депутаттар микроқаржы ұйымдарының онлайн несие беруіне тыйым салуды ұсынды

Жарияланды

Фото: kursiv.media
«AMANAT» партиясының депутаттары азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге тыйым салуды ұсынды.

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрайымына жолдаған сауалында депутат Елнұр Бейсенбаев:

«Халық арасында қазір онлайн несие алуға сұраныс күрт артқан. Қарапайым адамдар микроқаржы ұйымдарынан жетіскеннен қарыз алмайды. Айлығы шайлығына жетпегендіктен осылайша бір қарызды екінші қарызбен жамайды. Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа оңай түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Тығырыққа тірелген адамның мойнына жүздеген пайыздық несие рәсімделеді», деді.

Сонымен бірге депуат 5 жылда интернет алаяқтық бойынша қылмыс бес есе өскенін, 2018 жылы 4 287 факт анықталып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша осындай 20 444 қылмыс тіркелгенін айтты. Ал, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 4 687 интернет-алаяқтық қылмыс жасалған. Құқық қорғау органдары соның небәрі 23%-ын ғана анықтаған.

Соңғы 3 жылда алаяқтар келтірілген шығын 35 млрд теңгеден асқан. 2022 жылы банктен несие әперемін деген желеумен алаяқтар 3022 адамды алдаған, ал соңғы үш айда алаяқтыққа қатысты 475 факт тіркелген.

«Осыған байланысты, азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электронды үкімет базасында тыйым салу мүмкіндігін тездетіп енгізуді сұраймыз. Сонымен бірге елімізде заңсыз лотереялардың, қаржы пирамидалары мен өзге де заңсыз қаржылық операциялармен күрес қалай жүргізілетінін түсіндіруді, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттауды сұраймыз», деді Елнұр Бейсенбаев.

Айта кетейік, сала мамандары да онлайн кредит беруді тоқтатуды ұсынған еді. Қазіргі кезде микро қаржы ұйымдарындағы проблемалы кредиттердің деңгейі 5,4%-ды құрап отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың шамадан тыс кредит алуы азайту үшін ҚНРДА-ға кепілсіз тұтынушылық несие беру тәртібі қатайтуды тапсырған болатын.

Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халыққа кепілсіз тұтынушылық кредит беруді қатаңдату шеңберінде 2023 жылғы 31 мамырға дейін: халықтың микрокредиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді қатаңдату; екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының және коллекторлық агенттіктердің халықтың проблемалы кредиттерін реттеу жөнінде жоспарлар қабылдауы бойынша талапты енгізу шараларын қабылдасын», делінген жарлық мәтінінде.

Сондай-ақ оқыңыз