ЕАЭО елдері арасында Қазақстан мен Ресейдің сыртқы қарызы азайып келеді
Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО бойынша жалпы сыртқы қарыздың азайғанын мәлімдеді.
«2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ЖІӨ-ге қатысты ЕАЭО сыртқы қарыздың қысқаруы байқалды. Соңғы 10 жылда одаққа мүше барлық мемлекеттерде сыртқы борыштың ұқсас синхронды төмендеуі тіркелді. 2016-2018 жылдар кезеңінде сыртқы борыш халықаралық резервтермен жабылған», делінген құжатта.
Сыртқы қарызды халықаралық резерв есебінен жабу бойынша Ресей 152,9 пайызбен бірінші орында тұр. Ал Қазақстанның көрсеткіштері – 21,9 пайызды құраған. Беларусияныкі – 20,0%, Арменияныкі – 26,9%.
Комиссия зерттеулеріне сенсек, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2022 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 106 млрд долларға немесе 14,9%-ға төмендеген. Оның ішінде Беларусияныкі 5,3%-ға, Қазақстандыкі 2,2%-ға, Ресейдікі 21,1%-ға азайғаны анықталған. Ал Арменияда қарыз 10,2%-ға, Қырғызстанда 2,9%-ға өсті.
Қазақстанның қарызы 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 164 115,9 млн долларды құраған. Ал биылғы көрсеткіш 160 491,6 млн доллар. Сәйкесінше Ресейдің сыртқы қарызы 482 354,3 млн доллардан 380 545,4 млн долларға дейін түскен.
Одаққа мүше елдердің ішінде Беларусияның сыртқы қарызы басқа секторлар бойынша көбірек төмендеген. Ал Қазақстанда – фирмааралық несиелеу бойынша, Ресейде – басқа салалармен қатар фирмааралық несиелеу бойынша төмендеу байқалған. Армения мен Қырғызстанда керісінше банк секторында қарыз біршама өскен.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде сыртқы қарыздың құрылымы әр түрлі. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Армения, Беларусь және Қырғызстанда мемлекеттік басқарушы органдардың қарызы артық болған. Ал Қазақстанда тікелей инвестицияға яғни фирмааралық несиелеу бойынша қарызы басым болса, Ресейдің басқа секторлар бойынша қарызы көп.