Ерлан Қошанов Тоқаевтың Ресейге сапары жайлы: Саясиландырудың қажеті жоқ

Жарияланды
Фото: Ақорда

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапарына қатысты пікір білдірді.

«Мен мұны дұрыс сапар деп есептеймін. Себебі, Ұлы Отан соғысы мен Ұлы жеңіс — біздің ортақ тарихымыз. Сондықтан барлық бауырлас мемлекеттердің басшысы осы Парадта болды. Мұны соғыста қайтыс болған аталарымызға, әкелерімізге арналған құрмет деп ойлаймын. Бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ Қошанов Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам соғысқа кеткенін айтып өтті.

«Оның жартысы оралмады. Олардың көбісі Ресейде жатыр. Олардың іздеушісі, жоқтаушысы болу керек пе, болмау керек пе? Менің ойымша, ол — қазақ халқы, президент болуы керек», – деді Ерлан Қошанов.

9 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысқан болатын. Парадта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Ресей Президенті Владимир Путинмен қатар Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат  Мирзиёев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян болды.

Сондай-ақ оқыңыз