Ішкі істер министрі журналистерге қысым жасалуына қатысты: заң аясында жұмыс істеуіміз керек

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов журналистерге қысым жасалуына қатысты сұраққа жауап берді.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан министрге сұрақ қойып, жекелеген журналистердің қызметіне қатысты түрлі әрекет жасалып жатқанын айтты.

«Қазір қоғам белсенділеріне қатысты іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Әрине, тәртіпті бұзғандар әртүрлі жағдайда заңмен жауап беруі керек. Бірақ жекелеген журналистердің қызметіне қатысты түрлі әрекет жасалып жатыр. Өткен аптада Еренғайып Қуатаев деген азамат Бостон, Лондон, Токио марафондарында жүгірген. Оны Алматыдан ұшып келіп, Қарағандыға бара жатқан жерінен ұстап алып, 4,5 сағат ұстап, қолынан із алған. Оның саясатқа қатысы жоқ. Бұған қатысты әртүрлі мысалдар бар», – деді депутат Әшімжан Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат мұның қоғамда түрлі пікір тудырғанын айтты.

«Кейде ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің шаш ал десе, бас алып кететін артық қадам жасайтын жағдайлар бар»,- деді депутат.

Марат Ахметжанов бұл мәселені тексеру керек екенін мәлімдеді.

«Әр деректі жеке қарау керек. Егер сол жерде тиісті заң бұзу болса, ол тиісті жауапкершілікке тартылуы керек. Бір-бірімізге пәле жаппай… егер ол кінәлі болса, жазасын алады. Біз құқықтық мемлекет болғандықтан заң аясында жұмыс істеуіміз керек», – деді министр Ахметжанов.


Сондай-ақ оқыңыз