ЕуроОдақ Газа аймағындағы жағдайға алаңдаулы

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Еуропа Одағы Израиль әуе күштері Газа секторына жасаған соққысының салдарына алаңдап отыр. Бұл туралы Еуропалық сыртқы саясат қызметінің (EBU) ресми өкіліне сілтеме жасай отырып Интерфакс агенттігі хабарлады.

«Еуропа Одағы Израильдің бүгінгі әуе шабуылдарынан кейін Газадағы жағдай шиеленісіп кете ме деп қатты алаңдайды. ЕО бейбіт тұрғындардың, соның ішінде балалардың қыршын кетіп жатқанына қайғырып, халықаралық гуманитарлық құқықты құрметтеуге шақырады. Кез келген жағдайда бейбіт тұрғындардың өмірі қорғалуға тиіс», делінген Брюссельде жарияланған мәлімдемеде.

EBC өкілі Еуропалық Одақ қос тарапты барынша ұстамдылыққа, тыныштықты сақтау мен аймақтық тұрақтылық үшін жұмыс істеуге шақыратынын атап өтті.

Сейсенбі күні Times of Israel газеті Израиль қорғаныс күштеріне сілтеме жасай отырып, Израиль әскерилері «Қалқан мен жебе» операциясы барысында «Исламдық жиһад» тобының үш қолбасшысын жойғанын хабарлады.

«Қазіргі кезде біз діттеген мақсатымызға жеттік, керек жерде соққы бердік, қажет болған жағдайда шабуылды көбейтеміз. Біз кез келген сценарийге дайынбыз», – деді контр-адмирал Даниел Хагари.

Ол операцияға 40 ұшақ, оның ішінде жойғыш ұшақтар да жұмылдырылғанын атап өтті.

Бұл шабуыл кезінде Газа секторының солтүстік бөлігіндегі топ қолбасшысы мен Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы «Исламдық жиһад» әрекетіне жауапты қолбасшы қаза тапты.

Исламдық жиһад қолбасшыларының қаза болғанын растап, қарымта қайтаруға уәде берді. Жалпы алғанда, Палестина тарабының мәліметінше, әуе соққыларынан 13 адам қаза тауып, тағы 20-ға жуық адам жараланған.

Жауап ретінде Палестинаның зымыран шабуылдарын күткен Израиль әскерилері Газадан 40 км радиуста орналасқан елді мекен тұрғындарына арнайы бөлінген бомба баспаналарында бас сауғалауға кеңес берген.

Сондай-ақ оқыңыз