Үкімет «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы акцияларын коммуналдық меншікке берді
Фото: kursiv.media
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы «Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы» АҚ акциялары республикалық меншіктен шығарылып, Жетісу облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтт.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» «Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының 100% көлеміндегі мемлекеттік акциялар пакеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық меншіктен Жетісу облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілсін», делінген Үкімет қаулысында.
Қаулы күшіне енді.
Осыдан үш жыл бұрын Қорғастағы «Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының» акциялары Алматы облысының коммуналдық меншігінен республикалық меншікке ауыстырылған болатын.
«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы – екі мемлекеттің шекаралас аумақтарында орналасқан, қазақстандық және қытайлық бөліктен тұратын сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ туризмді дамыту кешені.
«Қорғас» ШЫХО үш жылдық үзілістен соң, биыл 24 сәуірден қайта ашылған болатын.