Қытай компаниялары ЕО санкцияларына ілінуі мүмкін
Фото: shutterstock.com
ЕуроОдақ Қытай компанияларына санкция салуы мүмкін деген хабар тарады. Бұл рас болса, Қытай мұның Еуропаға «әсері қатты» болатынын ескертті.
«Қытай Халықтық республикасы Ресейді қолдады деп танылған компанияларға санкция салынса, Еуропа үшін оның «әсері қатты» болатынын ескертті», деп жазады Bloomberg.
Осыдан біраз уақыт бұрын Еурокомиссия Ресей Федерациясына әскери мақсатта пайдаланылатын құрал-жабдық жеткізетін Қытайдың бірнеше компаниясын санкция тізіміне енгізуді көздеп отырғаны туралы хабарланған.
Ал Financial Times кейбір қытайлық компаниялардың АҚШ-тың санкциялар тізімінде тұрғанын, бірақ ЕО Қытаймен тікелей қарсыласудан сақтанып, санкция салмай отырғаны туралы жазған.
Financial Times мәліметіне сенсек, санкцияға енуі мүмкін компаниялар арасында King-Pai Technology, 3HC Semiconductors, сондай-ақ Гонконгтың Sinno Electronics және Sigma Technology копаниялары бар.
Өз кезегінде Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбин ЕО-ның ықтимал санкцияларына түсініктеме бере отырып, Қытай мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда қарым-қатынастары ашық және адал, олар үшінші елдерге қарсы бағытталмағанын айтты.
Бұған дейін ЕО Ресейге үшінші елдер арқылы кіретін тауарлар экспортына санкция салуды қарастырып жатқаны хабарланған еді.