Самокат тебетіндерге қандай талап қойылады – ІІМ жауап берді
Самокат тебетіндер үшін жаңа ережелер әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов хабарлады.
Министрдің айтуынша, қазір аталған құжат Мәжілісте талқыланып жатыр.
Ол жерде бірнеше норма қамтылған: самокат жүргізетіндер жолдың тек оң жағымен жүруге болады; олардың басында міндетті түрде шлем болуы керек; түнде жарық шағылыстыратын белгілер болуға тиіс.
«Қазір заң жобасы қабылданған жоқ. Құжат депутаттардың ұсынысымен енгізілген. Заң самокат тебетіндердің жолда жүруін заңмен реттейді. Мысалы, қазір самокат мінген адам 18 жасқа толған болуы керек әрі жүргізуші куәлігі болуға тиіс. Олар жолдың тек оң жағымен жүре алады», – деді Марат Ахметжанов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Ахметжанов самокат тебетіндер тротуарда жүрсе, басымдық жаяу жолаушыларға берілетінін айтты.
Айта кетейік, жыл басынан бері самокатқа қатысты 44 оқиға тіркелген. Былтыр 1 адам қайтыс болды.