S&P Global Ratings қазақстандық квази мемлекеттік үш компания мемлекет қолдауын алады деп болжайды
S&P Global Ratings қазақстандық мемлекетпен байланысты үш компанияның рейтінгі «жоғарыдан» – «өте жоғары» деңгейіне дейін көтергенін хабарлады. Олар – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ), «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ (KEGOC) және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) компаниялары.
«Соңғы бірнеше жылда біз Қазақстан үкіметінің қаржылық көрсеткіштерге мониторинг жүргізу, қаржыландыру қажеттілігін болжау және мемлекетпен байланысты ірі компанияларға қолдау көрсету тәсілдерінің жақсарғанын байқадық. Біз мемлекетпен байланысты компаниялардың сыртқы қарыз деңгейін бақылайтын арнайы комиссияның құрылғанын және ҚМГ, ҚТЖ және KEGOC стратегияларын белгілеу және қаржылық шешімдерді қабылдау – мемлекеттік активтерді басқаратын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (BBB-/Тұрақты/А-3) қатысуымен өтетінін атап өткіміз келеді. Нәтижесінде, біз үш МБҰ-ны «берік» деңгейінен «өте берік» деңгейіне көтеруді жөн санадық. Нәтижесінде ҚМГ, ҚТЖ және «KEGOC» АҚ-қа төтенше мемлекеттік қолдау көрсету ықтималдылығы «жоғарыдан» «өте жоғарыға» өтті», делінген хабарламада.
S&P Global Ratings компаниялардың кредиттік рейтингін жоғарылату барысында мынадай мәселелерге ерекше мән берген.
«Қазмұнайгаздың» Қазақстан үкіметі үшін мемлекеттің стратегиялық мұнай-газ секторындағы басты активі мен жаңа активтерге басымдықпен қол жеткізу мүмкіндігі бар ұйым ретінде «өте маңызды» рөл атқаратынын назарға алған.
Сонымен бірге ҚМГ – Қазақстанның ірі экспорттаушысы, салық төлеушісі және жұмыс берушісі жіне ішкі нарыққа төмен бағамен жанармай жеткізушісі саналады.
ҚТЖ-ның да рейтингін еліміздегі рөлін бағамдай отырып көтерген.
«ҚТЖ-ның Қазақстан экономикасы үшін ұлттық темір жол операторы ретіндегі рөлі «өте маңызды». Компания ұлттық теміржол инфрақұрылымына иелік етеді және оны басқарып, жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етеді. ҚТЖ Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші және салық төлеуші болып қала береді және шикізат пен дайын өнімді Қазақстанға және Қазақстаннан тасымалдауға қажетті инфрақұрылымды дамытуға елеулі үлес қосуда», деп бағалаған.
Ал «KEGOC» АҚ-ның электр энергиясын тасымалдау және электр энергиясын өндірудегі стратегиялық маңыздылығы ескерілген.
Осыларды ескере келе, жаһандық кредиттік агенттік үш компанияны да «тұрақты» деп бағалап, оларға қатысты оң болжам берген.