Экс-президент канцеляриясы батыс елдерінде бар үрдіс – Мәулен Әшімбаев

Жарияланды
Бывший президент РК Нурсултан Назарбаев

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев экс-президент Назарбаевтың канцеляриясы қажет пе деген сұраққа жауап берді.

«Қазір экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың канцеляриясының керегі бар ма? Оған миллиарлдтаған қаржы бөлінеді», деп сұрады журналист.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев канцелярияның көлемі қысқарғанын алға тартты.

«Канцелярияның көлемі қысқарған. Алайда оның нақты қанша екенін айта алмаймын. Менің білуімше, ол жерде жұмыс істеп жатқан адамдардың саны да күрт қысқарған. Осыған байланысты бюджетті қарағанда біз қаржы мәселесін қарайтын шығармыз. Сондықтан онда бұрынғыдай біраз адам жұмыс істеп жатқан жоқ, әрі қазір үлкен функциялар да жоқ», – деді Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат спикері болашақта Назарбаев канцеляриясының болу-болмауына қатысты пікір білдірді.

«Батыс мемлекеттерінің ішінде АҚШ-тың мысалына көп қараймыз. Онда экс-президенттердің кітапханалары, музейлері, кішігірім аппараты болады. Бұл жалпы дамыған мемлекеттерде бар үрдіс. Егер (бұрынғы) президент қызмет етсе, оның қағаздары мен кітаптары, 1-2 көмекшісі болуы мүмкін. Оның жанында жүретін адамдары болуы керек шығар. Сондықтан мұнда біз ешнәрсені өзіміз тауып жатқан жоқпыз. Ол батыс мемлекеттерінде бар үрдіс. Осыдан біз үйренуіміз керек», – деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ Әшімбаев қазір канцелярияға миллирдтаған қаржы бөлінбейтінін айтып өтті.

«Функциясы бар, мемлекеттік органдармен жұмыс істейтін институт туралы әңгіме жоқ. Ол жерде канцелярия қазір жоқ. Адам қысқарған. Қаржы мәселеніне байланысты қаржы министрлігімен бірге бюджетті қарағанда алдағы уақытта талқылаймыз», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз