Өңдеу өнеркәсібі саласын қаржыландыру 1 трлн теңгеге дейін ұлғаяды
Фото: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі
Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы жұмысын бастады. Онда сөз алған Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, Үкімет индустриаландыру, экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету саясатын жалғастырып жатыр.
«Өткен жылы машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 9,4 пайызға артса, осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша 36 пайызға өсіп отыр. Машина жасау өнімдеріне қатысты Қазақстанның ішкі сұранысы 23 млрд долларды құрайды. Бүгінде оның тек 3,1 млрд доллары ғана отандық өндіріспен қамтылып отыр. », деді премьер-министр.
Оның айтуынша, импортты алмастыру есебінен машина жасау өндірісін әрі қарай дамытуға күш салу қажет. Үкімет қаржы құралдарын ұсыну, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті құрамды ұлғайту және экспортты дамыту арқылы машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттігін арттыруға мүдделі.
Машина жасау одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев бүгінгі форумның тақырыбы – «Машина жасау – жаңа технология мен инновация дамуының драйвері» екенін атап өтіп, жаңа технология мен инновацияның дамуы дәл қазіргідей өзекті болған емес деді.
«Жасанды интеллект, өнеркәсіптегі робот техникалары – біздің келешегіміз. Машина жасау бүкіл әлемде инновацияның драйвері болып саналады. Қазір бұл сала цифрландыру мен жаңа технологияға сұраныс туғызып отыр. Шетелдік ірі компаниялар цифрландыруды белсенді енгізіп жатыр. Біз бұл бағытта Үкіметпен тығыз жұмыс істеп жатырмыз», деді ол.
Отырыс модераторы Мейрам Пішембаевтың сауалына (машина жасау саласын дамыту бойынша Үкімет қандай шаралар қабылдап жатыр – ред.) жауап берген Әлихан Смайылов саланы қаржыландыру көлемі ұлғаятынын мәлімдеді.
«Биыл инвестициялық жобаларға жеңілдетілген қаржыландыру беру мақсатында Қазақстан Даму Банкі және өнеркәсіпті дамыту қоры аясында 500 млрд теңге қарастырдық. Тиісінше өтінімдердің басым бөлігі машина жасау саласынан келіп түсті. Қазірдің өзінде 200 млрд теңгеден астам сомаға жобалар мақұлданды. Биыл бұл қаржыландыру көлемін 1 трлн теңгеге дейін жеткізгіміз келеді. Бұл жылдық 9 пайызбен беріледі. Қазіргі жағдайда қолжетімді қаржыландыру болып есептеледі. Қазір елімізде өнеркәсіптік құрастыру келісімі бар. Оған сәйкес өндіруші кедендік баж салығынан және қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатылады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы техникаларына және автомобиль жасаушыларға қатысты», деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, тұрмыстық техника жасаушыларға да осындай жеңілдік беру қарастырылуда Ондай жағдайда олар да қосымша құн салығынан 5 жылға босатылады. Сондай-ақ елімізде машина жасаушы компания құрамдас құрылғыларды импорттаған кезде біз оларды ҚҚС-тан босатылады. Бұған дейін бұл шара 4 тауар тобына қатысты болса, қазір біз оны 10 тауар тобына дейін кеңейген. Норма 2024 жылдың соңына дейін күшінде болады. Қазір Салық кодексінде аталған қолдау шарасының мерзімін кеңейту қарастырылуда.
Ол сонымен қатар машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, қоғамдық талқылауға ұсынылғанын да айтты. Оның аясында да өңдеуші өнеркәсіпті қолдаудың нақты шаралары көрсетілген. Мысалы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық шығындардың шегерімі бір жарым есе ұлғаймақ. Яғни кәсіпорын өз жұмысына инновацияларды енгізу бойынша қаражат жұмсауы тиіс. Сәйкесінше салық салу базасы аталған сома есебінен азаяды. Сынақ лобараториялары үшін құрылғыларды әкелу бойынша қаржыландыру және қызметкерлерді шетелдік кәсіпорындардан стажировкадан өту мәселесі қарастырылып жатыр екен.
«Қазір бұл салада 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді және соның 99 пайызы – шағын және орта бизнес. Жаңа реттеу саясатының енгізілуі аясында былтыр бүкіл реттеушілік актілерге түбегейлі ревизия жүргіздік. Соның нәтижесінде бизнеске негізсіз қойылған 10 мыңнан астам талапты анықтадық. Қазір осы артық талаптарды жою бойынша Парламентпен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында банк кредиттері бойынша пайыздық ставка субсидияланады. Банк несиесі бойынша кепілдік те беріледі. Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі шағын және орта бизнеске 500 млрд теңге сомасында 12 мыңдай жобаға субсидия беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге 12 мың жобаға 400 млрд теңге көлемінде кепілдік ұсынылмақ», деді Әлихан Смайылов форум барысында.