ҚМГ: ішкі нарыққа сатылатын мұнай бағасын мемлекет белгілейді

Жарияланды
Фото: ҚМГ баспасөз қызметі

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ кен орындарынан мұнай сатудағы алыпсатарлық операциялар жайлы желәде тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

«Желіде «Өзенмұнайгаз» компаниясы өндіретін мұнай бағасын белгілеуге қатысты шындыққа жанаспайтын ақпараттың кеңінен таралуына байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тарапына осы жағдайды түсіндіріп өтуге көптеген сауал келіп түсіп жатыр. Осыған байланысты ҚМГ-нің мұнай өндіретін ұйымдарының, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-ты қоса алғанда, экспортқа шығатын барлық өнімін үшінші тарап, яғни жеке делдал емес, ҚМГ компаниялар тобының жүйелік трейдері сатып алатынын хабарлаймыз», делінген компания таратқан хабарламада.

ӨзенМұнайГаз-дың экспортқа шығатын барлық мұнай көлемі әлемдік мұнай бағасына сай сатып алынады.

Сондай-ақ ҚМГ ішкі нарықтың қажеттілігіне арналған ӨМГ өнімін де ешқандай делдалсыз сатып алады.

Компания мәліметіне сәйкес, халықты арзан бағадағы отынмен қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерін сату кезінде шекті бағаны мемлекет белгілейді және бұл «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ үшін тиімсіз. Шығынды азайту үшін шикізат кен орындарынан экспорт бағасынан төмен бағамен сатып алынып, мұнай өңдеу зауыттарына тікелей жөнелтіледі.

Осылайша, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ кен орындарынан мұнайды төмендетілген бағамен ішкі нарыққа сатып, оны одан әрі үшінші тұлғалардың экспортқа қайта сатып, алыпсатарлық операциялар жасайтыны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды, деп мәлімдеді компаниядан.

Сондай-ақ оқыңыз