Жаңалықтар

Ресей кредиторлары Қазақстандағы корпоративтік секторға 2 млрд доллар қарыз берген

Фото: Kursiv.media
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы 2022 жылғы төлем балансының ағымдағы шотының жай-күйінің өзгеру факторларын талдау барысында Қазақстан экономикасында жүйелі проблемалардың бар екенін байқаған.
Мұнай бағасының өсуі және облигациялар құнының төмендеуі ағымдағы операциялар шотының профицитіне және 2022 жылы Қазақстанның сыртқы қарызының төмендеуіне әкелген. Профицитке мұнай бағасының өсуіне байланысты экспорт көлемінің өткен жылмен салыстырғанда 66,8%-ға өсуі себеп болған. Бұл Қазақстанның әлемдік нарықта шикізаттық тауарларға тәуелді екенін көрсетеді.
Қаржыгерлер импорттың өсуі, оның ішінде фискалдық ынталандыру – сауда профицитін азайтатынын айтады. Солайша 4-тоқсанда ағымдағы шот қайта инвестицияланған кірістің күрт төмендеуіне байланысты оң аймақта қалған.
Сонымен бірге бұл жағдайға шетелдік инвесторлардың еншілес кәсіпорындардан өз дивиденттерін шығарып, елден алуып кетуге талпынысы да өз әсерін тигізген.

Нәтижесінде 2022 жылы Қазақстанның корпоративтік секторын қаржыландыруда Ресей кредиторларының рөлі күрт өсіп, 2 млрд долларды құраған. Қазақстан Республикасының корпоративтік секторы ресейлік компаниялардан айтарлықтай көлемде несие алған. Көрші елдің алдындағы кредиторлық берешек айтарлықтай өсті.

Бұл өз кезегінде қайталама санкциялар тәуекелін арттырып, жеке және заңды тұлғалармен қарапайым сауда және қаржылық операциялардың тетіктерін қамтамасыз етуді талап етеді.

Сыртқы сектор статистикасына қатысты бұл деректер экономикалық және қаржылық тұрақтылыққа қатысты қатерлерді бағамдау үшін, сондай-ақ валюта бағамын ұстап тұруға және кредиттік рейтингтерді қолдап, экономиканы әртараптандыру бағыттары бойынша алдын алу шараларын әзірлеуге пайдаланылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының 2022 жылға сыртқы қарызы 3,6 млрд долларға (-2,2%) азайып, ЖІӨ-нің 72,6%-ын құраған. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 83,1% болған. Алайда, қаржыгерлер бұл төмендеуді қаржы құралдарының құнын теріс бағалау нәтижесі деп бағалайды.