Шағын және орта кәсіпкерлікті кредиттеу көлемі 6,3 трлн теңгеге артқан
Соңғы 5 жылда шағын және орта кәсіпкерлікті кредиттеу көлемі 4 трлн теңгеден 6,3 трлн теңгеге дейін артқан. Бұл жайлы «Экономиканың нақты секторын кредиттеуді кеңейту жөніндегі шаралар туралы» дөңгелек үстел барысында Ұлттық экономика Бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шараларымен 2,3 трлн теңгеге ШОК (шағын және орта кәсіпкерлік) кредиттері қамтылған. ЕДБ-нің жалпы портфелінде (екінші деңгейлі банк) шағын және орта кәсіпкерлік несиелері 40% құрайды. 2019 жылдан бері жобалар саны 9 есеге, ал төленген субсидиялар сомасы 5 есеге өсті»,-дейді Тимур Жақсылықов.
Сонымен бірге экономиканың нақты секторын кредиттеуді кеңейту және халықтың кредиттелуін төмендету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бірнеше қадамдар жасалған. Бірінші кезекте сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтқан. Екінші деңгейлі банктермен синдикатталған қаржыландыру және бірлесіп қаржыландыру арқылы инвестициялық жобалар іске асырылған. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің, микроқаржы ұйымдарының және жеке тұлғалардың табыстарына салық салу бөлігінде салық саясатының тәсілдері қайта қаралған.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде 1 трлн теңгеден астам сомаға кәсіпкерлердің 3 мың жобасы субсидияланып, шамамен 160 млрд теңгеге 830 жобаға кепілдіктер берілген».
Субсидия алған кәсіпкерлер шамамен 5,3 трлн теңгеге өнім шығарып, 410 млрд теңге салық төлеген. Сонымен бірге 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Солайша ҚЗЭ бағдарламасы негізінде қатысушыларды қолдауға бағытталған 1 теңге субсидиядан бюджетке 4 теңге көлемінде салық түсіп, бұл бағдарлама өз тиімділігін көрсеткен.