Жаңалықтар

2027 жылы Қазақстанда 500 мың автокөлік құрастырылады

Фото: kursiv.media

Бүгінде ел өнеркәсібінде машина жасау 6 пайызды, ЖІӨ бойынша 1,5 пайызды қамтиды. Аталған салада 4 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар биыл құны шамамен 230 млрд теңге болатын 36 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының XI форумын қорытындылаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты.

«Машина жасау саласы — кез келген индустриалды дамыған мемлекет экономикасының маңызды бөлшегі. Жабдықтар, машиналар, түрлі аспаптар, сондай-ақ халыққа арналған тауарлардың барлық түрін өндіре отырып, машина жасау кешені экономиканың барлық негізгі салаларындағы қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді», деді вице-министр.

«Qazindustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әлихан Абаканов әзірленіп жатқан кешенді жоспарға орай пікір білдірді.

«Машина жасау саласының инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру, оның бәсекеге қабілеттілігін нығайту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті кешенді жоспар әзірленуде. Оны табысты іске асыру саланың дамуына қуатты серпін береді және еліміздің тұрақты индустриялық өсуіне маңызды үлес қосады деп күтілуде. Биыл ИИДМ тау-кен металлургия, электротехника, мұнай-газ, теміржол, ауыл шаруашылығы машина жасау салалары бойынша 7 жұмыс тобы құрылды. Кешенді жоспардың әрбір бөлігі егжей-тегжейлі талқыланып жатыр», деді Ә.Абаканов.

Өз кезегінде Қазақстан машина жасаушылар одағының атқарушы директоры Өмірсерік Ержанов машина жасау кәсіпорындарын қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы айтып берді.

«Бұл форум саланы өркендетуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Әлбетте, қазақстандық машина жасау өңдеу өнеркәсібінде жетекші рөл атқарады. Машина жасау саласын дамыту шеңберіндегі жұмыс жалғасатын болады», деді отандық машина жасаушылар одағының өкілі.

Өмірсерік Ержановтың айтуынша, отандық машина жасау кәсіпорындары шығарған құрал-жабдықтар сұранысқа ие болуы тиіс.

«Осы мақсатқа жету үшін жаңа ұранға сәйкес ғылымды дамытып, одан әрі инновацияны келтіру үшін жаңа технологияларды кіргізу керек. Ол үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жалғастыруымыз керек, біз соны қайта жаңғыртуды ұсындық», деді.

Спикердің сөзінше, бұл дамудың негізгі факторына айналады. Өйткені технологияны жаңғыртпасақ, инвестор келмейді, өзіміз де дами алмаймыз, өндірілген өнімнің сыртқа шығуы түгілі, ішкі нарықта да өтуі қиын болады. Сондықтан бұл басты міндет болуға тиіс.

Келесі мәселе – сала үшін әрі ұзақ уақытқа, әрі арзан қаржы көздерін табу.

«Барлық қаржы орталықта шоғырланған. Оған кез келген адам қолжеткізе алмайды. Осы қаржының қолжетімділігі мәселесін шешу үшін Қазақстан даму банкі төрт өңірде филиал ашуға ниетті», деді машина жасаушылар одағының өкілі.

Сонымен қатар спикер машина жасау кәсіпорындары үшін офтейк шарттарының тиімділігі туралы айтты. Машина жасау кәсіпорындары осы шарт аясында 3-5 жылға тапсырыс алса, өзінің жоспарын жасап, өзіне жаңа құрал-жабдықтар алады, жаңа жұмыс орындарын ашуға ұмтылады және жұмыс істеп жүрген жастарды шетелге жіберіп, оқытып, өзінің технологиясын дамыта алады, деп түйіндеді спикер.

Айта кету керек, биыл машина жасау саласы үш айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптегі көшбасшылардың біріне айналған. Өндіріс 36%-ға өсіп, көлемі 829 млрд теңгені құрады. Саланың өсімі – 135%.

«Бұдан басқа, 2023 жылы салада құны шамамен 230 млрд теңгені құрайтын 36 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде жүк автомобильдеріне арналған құрауыштар шойын құю зауыты, жел энергетикалық қондырғыларына арналған мұнаралар өндіру зауыты, тұрмыстық техника шығару зауыты, қазақстандық мұнай жабдығы зауыты, мобильдік бұрғылар, қондырғылар өндіру және т.б. жобалар көзделген», деді Ілияс Оспанов.

Мемлекеттің жоспары бойынша, 2027 жылы елімізде 500 мың автомобиль құрастырылуы тиіс. Қазір біз 150 мыңдық межені бағындырып тұрмыз.