Астанада бір топ адам жиналып, бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясовтың отставкаға кетуін сұрады. Оған Қиясовтың денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық сараптама орталығының Жетісу облысындағы директоры Асхат Манкеевтің үстінен арыз жазғаны себеп болған.
Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласындағы мамандары Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы Жетісу филиалының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.
«Ол Ұлттық орталық басшылығына Алматы облысына осындай қызметке ауысқаны үшін 2 500 АҚШ доллары көлемінде пара берді деген күдікке ілінді», – делінген Антикор таратқан ақпаратта.
Күдіктінің туыстарының айтуынша, Қиясов Манкеевтің пара беруге тырысқанын айтқан. Ал күдіктінің адвокаты бұған дәлел жоқ екенін жеткізді.
Адвокат Динара Жұбатова Асхат Манкеевтің қазір Жетісу облысы Ұлттық сараптама орталығының директоры қызметі атқармайтынын мәлімдеді. Ал тергеу оның қызметін пайдаланып, іс бойынша куәгерлерге қысым көрсетуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Соған байланысты кепіл төлеп, үйқамаққа жіберу туралы өтінішін қабылдамаған.
«Тергеу соты да, прокуратура да менің қорғауымдағы Манкеевтің атқарған қызметінен босатылғанын тексермеген. Сол себепті ол қол астында жұмыс істеген адамдардың (іс бойынша куәгер) жауабына әсер ете алмайды», – дейді адвокат.
Қазір Ерлан Қиясов министрлікке қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы қызметін атқарады. Ал Манкеев сол орталыққа қарасты облыстық орталықты басқарған.
«Екеуінің арасында жеке жағдай бойынша жанжал шыққан. Соған байланысты Ерлан Қиясов Манкеевке бірнеше рет қызметінен кетуі қажет екенін айтқан. Ал Манкеев төрт баласының бар екенін ойлап, қызметінен кетпеген. Қиясовтың көпшілік алдында бірнеше рет ескерту жасағаны, денсаулығына байланысты демалысқа шыққандағы құжаттарын тексергені белгілі», – дейді адвокат.
Ерлан Қиясов Асхат Манкеевтің үстінен арызды 2023 жылдың қаңтарында жазған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Астана қаласы бойынша филиалы оны 31 наурызда қамауға алған.
Қиясов арызында бұл жағдайдың 2022 жылдың күзінде болғанын көрсеткен. Алайда арызды екі айдан кейін жазған.
«Арызда менің қорғауымдағы күдіктінің Қиясовқа пара беруге оқталғаны жазылған. Іс материалдарын қарасақ, пара сомасы бір жерде 2,5 мың доллар, енді бір жерде 5 мың доллар деп көрсетілген», – дейді Динара Жұбатова.
Қазір Асхат Манкеев Астанадағы тергеу изоляторында отыр.
«Сот жеңіл шара қолдану туралы өтінішті қараған жоқ. Неге кепілмен босатуға немесе үйқамаққа жіберуге болмайтынына қатысты бағалау жүргізбеді. Сондай-ақ басқа бұлтартпау шарасын қабылдау мәселесін қарамады. Олар тек іс бойынша куәгерлерге қысым жасауы мүмкін екенін айтады. Алайда қазір оның лауызымды қызмет артқармайтынын ескермеді», – дейді адвокат.
Сондай-ақ, адвокаттың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары Манкеевке бірнеше рет қылмысты мойындау туралы ұсыныс жасаған.