15 мамырда «Алматы Жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталады

Жарияланды
Фото: Архив Kursiv.media

Биыл «Алматы Жастары» бағдарламасына Алматы қаласы мәслихатының шешімімен жергілікті бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге артық. Бұл жайлы Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту Басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев айтты.

«Бұл қаражатқа Отбасы банк өз қаражатынан 3 млрд теңге бөліп отыр. Сонымен, бағдарламаның жалпы бюджеті 20 млрд теңгені құрайды. Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша бағдарлама шеңберінде жас мұғалімдер мен дәрігерлер үшін биылғы жылы мұғалімдер үшін – 50, дәрігерлер үшін – 50 көлемінде лимит 100 қарызға ұлғайтылды» дейді басқарма басшысы.

Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі азаматтар өтініш бере алады. Құжаттарды қабылдау 15 мамырда басталып, 31 мамырда аяқталады. Өтініштерді қабылдап болған соң, бір айдың ішінде Басқарма ұпайларды есептеп, негізгі және резервтік тізімдерді және қабылданбағандар тізімін қалыптастырады. Жинаған ұпай санына қарай төлем қабілеттілігін бағалау үшін азаматтарға Отбасы Банкке жолдама беріледі.

Банк төлем қабілетін растаған азаматтар бағдарлама шеңберінде шарттары жеңілдетілген несиеге ие болады. Ол несиенің шартары келесідей:
• максималды қарыз сомасы – 18 млн теңгеге дейін;
• пайыздық мөлшерлемесі – 5%;
• бастапқы жарна – 10%;


Бұл несиеге жастар бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл баңғдарламаға білім беру, денсаулық сақтау, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттары мамандары, мәдениет, спорт саласынң мамандары, журналистер, әлеуметтік сала қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және қалалық коммуналдық қызмет саласының қызметкерлері қатыса алады.

Қатысушылар өтінішті www.almaty-zhastary.kz сайты арқылы бере алады. Басқарма өкілдері барлық ақпарат осы сайтта жарияланатынын, ондағы бағдарламаға қатысты акпаратпен мұқият танысу қажеттігін айтты. Сонымен қатар үй алуға көмектесем деп, алдайтын алаяқтардан сақтану қажеттігін ескертті.
2022 жылы бұл бағдарлама бойынша 1097 жас отбасы баспаналы болған. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге, Отбасы банк қаражатынан 3 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге бағдарлама бойынша қамту санын ұлғайту мақсатында 2022 жылдың соңында жергілікті бюджеттен 670 млн теңге қосымша бөлініп, тағы 50 азамат үймен қамтылған. Солайша өткен жылы бағдарламаның жалпы бюджеті 18,6 млрд теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз