Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласынан тәркіленген сағат 886 мың долларға бағаланды
Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Алматы қаласының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы Бақыт Ибрагимнен тәркіленген Richard Mille сағаты сатылымға шығарады. Бұл туралы ақпарат мемлекеттік мүлік тізілімінде пайда болды.
Швейцариялық Richard Mille брендінің шектеулі коллекциясындағы су өткізбейтін сағаты аукционға 17 мамырда шығарылады. Бұл сағаттың құнын анықтау үшін мемлекет 1,7 миллион теңге төлеп, мүлікті бағалау есебінде мұндай сағаттардың небәрі 50-і бар екенін анықтаған. Солайша сағаттың құны 394 миллион теңгеге бағаланып, доллармен есептегенде 886 мың долларды құрады.
«Бұл сағаттарды сатудан түскен қаражат республикалық бюджетке түседі», деп хабарлады Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің баспасөз қызметі.
Информбюроның мәліметінше, сағат 2020 жылдың қарашасында Qazaq bankінің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимнен тәркіленген. Ол банкир Жомарт Ертаевтың Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқырды деген ісі бойынша жауапкер болған.
Салдарынан Ибрагим сегіз жылға, Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды. 2021 жылы олардың жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығынан айыру мерзімі жеті және тоғыз жылға дейін қысқартылды.
Бақыт Ибрагим – Алматы қаласының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың үлкен қызы Меруерттің бұрынғы күйеуі. Бақытжан Сағынтаев 2019-2022 жылдар аралығында Алматы қаласының әкімі болған, бұған дейін 2016 жылдан бері премьер-министр қызметін атқарған. Қазір Сағынтаев Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі.