Жаңалықтар

G7 елдері Қытайдың «экономикалық мәжбүрлеуін» талқылауда

Фото: Pixabay.com

Жапонияның Ниигата қаласында өткен G7 құрамына кіретін елдердің қаржы министрлері мен орталық банк басшыларының жиынында Қытайдың экономикалық саясаты, киберқауіпсіздік, тауарларды тұрақты жеткізу кепілдіктері және банк секторындағы проблемалар талқылады деп жазады Интерфакс, Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
AP агенттігінің хабарлауынша, Ниигатадағы кездесуде сонымен бірге үшінші елдердің Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуіне жол бермеу мәселесі де қаралған. Үш күнге созылған бұл келіссөздер жабық есік жағдайында өткен. Бұл кеңес 19-21 мамырда Хиросимада өтетін G7 басшыларының кездесуі қарсаңында ұйымдастырылған G7 өкілдері арасындағы министрлер кездесулерінің соңғы бөлімі.
Солайша Ниигатада өткен жиында Қытайдың «экономикалық мәжбүрлеуі» көп талқыланған тақырыптың бірі болды. Ал Бейжің «Үлкен жетіліктің» бұл кездесуін сынға алды. Осыдан бір күн бұрын Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ван Вэнбин:

«Үлкен жетілік елдері Қытайдан халықаралық ережелерге сай әрекет етуді талап етеді, бірақ олар бұл ережелерді өздері жоққа шығарып, бұзып жатыр», деген.

Сонымен бірге Қытай елінің өкілі «Үлкен жетілік» негізге алған халықаралық ережелерді – «АҚШ-ты бірінші орынға қоятын шағын топ басқаратын Батыс идеологиясы мен құндылықтарының ережелері», деп бағалады.

Ал АҚШ-тың қаржы министрі Джанет Йеллен Вашингтонның Қытайға қойып отырған экономикалық шектеулері тек ұлттық қауіпсіздік мақсатын көздейтінін және Қытайдың экономикалық дамуын тежеуге және оған нұқсан келтіруге бағытталмағанын мәлімдеген.

Сонымен бірге Йеллен «экономикалық мәжбүрлеу» туралы сөз қозғап, Бейжіңнің Австралиядан келетін тауарларға шектеу қойып отырғанын да атап өтті.

Осыдан біраз уақыт бұрын Еурокомиссия Ресей Федерациясына әскери мақсатта пайдаланылатын құрал-жабдық жеткізетін Қытайдың бірнеше компаниясын санкция тізіміне енгізуді көздеп отырғаны туралы хабарланған. Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбин Қытай мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда қарым-қатынастары ашық және адал, олар үшінші елдерге қарсы бағытталмағанын айтқан.