Жаңалықтар

Лицензиясынан айырылған банктегі депозит өтемақысы қалай есетеледі?

Банк лицензиясынан айырылған жағдайда, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) заңнамада бекітілген лимиттер шегінде кепілді өтем төлейді.

Қазіргі кезде оның көлемі:       

  • ұлттық валютадағы жинақ депозиттер (салымдар) бойынша – 20 миллион теңге;
  • ұлттық валютадағы өзге депозиттер және карточкалар, шоттар бойынша – 10 миллион теңге;
  • шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша – 5 миллион теңге. деп бекітілген.

Яғни, максималды (шекті) кепілдік сомасы депозиттің түрі мен валютасына тікелей байланысты. 

Кепілдіктің максималды деңгейі белгілі бір мерзімге салынатын жинақ салым бойынша қарастырылған. Мұндай салымнан ішінара ақша алуға болмайды. Тек толығымен алуға болады. Бұл үшін банкке алдын ала өтінім беру қажет. Банк өтінім келіп түскен сәттен бастап, күнтізбелік 30 күннен кейін беруге міндетті. Бұл ретте салымшы жинақталған сыйақыдан толығымен дерлік айырылады.

Депозиттердің қалған түрлеріне мына салымдар жатады: (1) салымшының алғашқы талабы бойынша ішінара немесе толық алуға болатын талап етілмелі салым; (2) жинақ салымдар секілді белгілі бір мерзімге ашылатын мерзімді салымдар, бірақ олар бойынша мерзімі аяқталғанға дейін ішінара немесе толығымен ақша алуға болады, бұл ретте сыйақы ішінара жойылады; (3) мерзімсіз салымдар, олар бойынша кез келген уақытта азайтылмайтын қалдық шегінде ақша алуға және үстінен ақша салуға болады; (4) шартты салымдар, олар бойынша ақша шотқа банк салымы шартында белгіленген мән-жай туындағанға дейін салынады; (5) сондай-ақ ағымдағы және карточкалық шоттардағы қаражаттар. 

«Осылайша ақшаны мерзімінен бұрын алу шарты жинақ салымның маңызды ерекшелігі – Азаматтық кодекске сәйкес банк жинақ салымды салымшының талабы келіп түскен сәттен бастап, күнтізбелік 30 күннен ерте емес мерзімде беруге міндетті. Жинақ салымды мерзімінен бұрын алуға қатысты қатал талаптар қарастырылғандықтан, ақшалай қор жинаудың бұл түрі банктерге жоғары сыйақы мөлшерлемелерін ұсынуға мүмкіндік береді, ал Қор тарапынан жинақ салымдар бойынша ең жоғары кепілдік мөлшері белгіленген», дейді ҚДКБҚ Төлемдерді автоматтандырылған есепке алу және талдау басқармасының бастығы Алуа Нұртөлеуова.     

Бұл ретте халықаралық тәжірибеге сәйкес сақтандыру өтемінің мөлшері сомасы бойынша шектеулі болып, салымшылардың басым бөлігін қамтуы тиіс, сонымен қатар депозиттердің елеулі бөлігі нарықтық тәртіп факторларының ықпалына қалдырылады. Айталық, Қазақстанда салымшы-жеке тұлғалардың шоттарының 99,8%-ы кепілдікпен толық көлемде қамтылған. Бұл елімізде халықтың басым бөлігінің жинақ ақшаларының сақталуын қамтамасыз етеді.    

Осыған байланысты, депозиттердің түрі мен валютасына қарай заңнамада бекітілген максималды (шекті) кепілдік мөлшеріне қарамастан, егер банкте жинақ салыммен қатар түрі мен валютасына қарай әртүрлі бірнеше депозит орналастырылған болса, онда барлық депозиттер бойынша жиынтық қалдық сомаға кепілдік берілетіндігін және ол 20 млн теңгеден аспайтынын ұмытпау қажет. Бұл ретте жинақталған пайыздық сыйақы мөлшерлемелері және әрбір депозит түрі бойынша кепілдік сомасы ескеріледі.    

Мысалы:

Теңгелік шот және мерзімді депозит. Банкте салымшының ағымдағы шоты ашылған. Оған карточка байланыстырылған. Сондай-ақ жинақ салымға жатпайтын, қарапайым депозиті де бар. Барлық ақша ұлттық валютада сақталады. Бұл жағдайда ағымдағы шот пен депозиттегі ақшаға және сыйақыға 10 млн теңгеден асырылмайтын көлемде кепілдік беріледі.

Теңгелік және шетел валютасындағы депозиттер. Егер жоғарыда аталған салымшы теңгемен ашылған ағымдағы шоты мен депозитіне қоса шетел валютасында қосымша шот ашатын болса, онда кепілдік берілген максималды өтем сомасы 15 млн теңгеден асырылмайды: 10 млн теңге теңгелік жинақтары, ал 5 млн теңге валюталық шоты бойынша төленеді. Мысалы, депозиттегі жинақ ақша – 1,5 млн теңгені, ағымдағы шоттағы ақша – 500 мың теңгені, ал ағымдағы валюталық шоттағы салым – 40 мың долларды құрайды. Нәтижесінде ағымдағы шот пен депозиттегі ақшаға 2 млн теңге мөлшерінде кепілдік беріледі, себебі ол 10 млн теңгені құрайтын максималды өтем сомасынан аспайды, ал долларлық шоттағы ақшаға 5 млн теңге көлемінде кепілдік беріледі (банкті лицензиясынан айырған күнге қарай белгіленген нарықтық айырбас бағамы). Осылайша жалпы кепілдік сомасы 7 млн теңгені құрайды.   

Жинақ салымды қосқанда, теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттер. Салымшы қарапайым теңгелік депозитпен қатар, 15 млн теңгеге жинақ салым ашты. Ал оның валюталық шотында 10 мың доллары тағы бар. Мұндай жағдайда теңгелік жинақ слымдағы ақшаға 15 млн теңге мөлшерінде кепілдік беріледі, долларлық шоттағы ақша да толығымен қорғалған (мысалы, айырбас бағамы 450 теңге болса, 4,5 млн теңге мөлшерінде), ал келтірілген мысалдағы жалпы өтем сомасы 19,5 млн теңгені құрайды, яғни салымшының жинақ ақшалары ҚДКБҚ кепілдігімен 100% мөлшерінде қорғалады.

Егер салымшының лицензиясынан айырылған банктегі жинақ ақшасы кепілдік берілген максималды (шекті) өтем сомасынан асатын болса, салымшы сол банктің тарату комиссиясына жүгінуі тиіс. Тарату комиссиясы өз кезегінде банк кредиторларының талаптарын (кепілдік берілген мөлшерден артық ақшалары бар салымшыларды қосқанда) Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында белгіленген кезектілік тәртібіне сәйкес өтейді.    

Алайда мұндай жағдайды болдырмас үшін, салымшылар мына қағиданы есте сақтаулары тиіс: әртүрлі банкте орналастырылған салымдарға әрбір банк бойынша жеке-жеке кепілдік беріледі. Осыған байланысты тәуекелдерді әртараптандыру мақсатында ҚДКБҚ салымшыларға қаражаттарын әр түрлі банкте кепілдік берілген максималды өтем сомалары шегінде сақтауға кеңес береді.