Орта бизнес Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің қозғаушы күшіне әрі драйверіне айналуы тиіс – Әлихан Смайылов

Жарияланды

Фото: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі

Орта бизнес Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің қозғаушы күшіне әрі драйверіне айналуы тиіс. ҚР Бұл туралы Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың орта бизнес өкілдерімен өткізген кездесуінде мәлімдеді. Жиында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелер қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жиынға Астана, Алматы және Шымкент қалаларының кәсіпкерлері, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ министрлер, қала әкімдерінің орынбасарлары мен кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және мемлекеттік қолдауға жауапты квазимемлекеттік сектор басшылары қатысты. 

«Орта бизнестен зор үміт күтіп отырмыз. Ол бәсекеге қабілетті өнім шығаратын және кең ауқымды қызмет көрсететін өңдеуші сектордың қозғаушы күшіне әрі драйверіне айналуы тиіс», — деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Кездесу барысында қатысушылар қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өнім көлемін ұлғайту, импортты алмастыру және жаңа өндіріс орындарын дамыту, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру, мемлекеттік сатып алу, салық салу, сертификаттау, индустриялық аймақтар мен индустриялық парктерді дамыту, инновацияларды енгізу, экспорт, жұмыс орындарын құру, кадр даярлау және тағы басқа мәселелерді талқылады. 

Ол әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, орта бизнес үнемі өзгеріп отыратын нарықтық жағдайларға тез бейімделетінін атап өтті. Бұл оны өз кезегінде экономикалық дамудың аса маңызды бағдарына айналдырады. Сол себепті дамыған елдер шағын кәсіпорындарды әлемдік нарықтағы позициясын кеңейтіп, нығайтуға белсенді түрде ынталандырып отырады. 

«Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Samsung, Toyota немесе Hyundai сияқты компаниялар шағын және орта бизнес ретінде өз жолын бастаған, ал бүгін оларды табысты әлемдік көшбасшылар ретінде білеміз. Өз кезегінде Үкімет бизнестің дамуына қажетті барлық шараларды қабылдап жатқанына сендіргім келеді», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы жүктемені азайтып, салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын айтты.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқықтарын одан әрі қорғау мақсатында «таза парақтан» реттеу нормасы енгізілуде. Оның аясында бизнеске қойылатын 10 мың негізсіз талап алынып тасталады және мемлекеттік бақылаудың барлық бағыты бойынша рәсімдер автоматтандырылады. 

«Бұл жаңа жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін адами факторсыз, тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері негізінде барлық тексеру кестелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тексерулер санын азайтып, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырады», — деді Премьер-Министр. 

Сондай-ақ оқыңыз