Жаңалықтар

Қазақстанда «Ерлі-зайыптылардың денсаулық паспорты» енгізіледі

Фото: Shutterstock

Елімізде «Әрбір әйел – әрбір бала» тұжырымдамасы талқыланып жатыр. Тұжырымдамаға сәйкес «Жоспарлы жүктілік», «Болашақ ата-аналарға арналған check-up» бағдарламалары әзірленеді. Бағдарлама жүктілікті жоспарлауға дейінгі әйелдер мен ерлердің денсаулығын кешенді зерттеу мен сауықтыруды көздейді. Сонымен бірге жас отбасылық жұптардың репродуктивті денсаулығын сақтау және нығайту мақсатында некеге тұрғанға дейін қыздар мен жігіттерге міндетті профилактикалық тексерулер жүргізетін «Отбасылық ерлі-зайыптылардың денсаулық паспорты» жаңа жобасы әзірленеді.

Елімізде 2020 жылдан бері ана өлімі көрсеткішінің өсуі байқалған. Көрсеткіштердің күрт көтерілуіне COVID-19 пандемиясы әсер еткен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда АӨ көрсеткіші 22%-ға ұлғайып, тірі туған 100 мың әйелге шаққанда 2020 жылғы 36,5-ке қарағанда 44,7-ні құраған. Бұл мәліметтер аталған тұжырымдамада келтірілген.

Жалпы, елімізде соңғы 10 жылда ана өлімі көрсеткіштері 2,4 есеге төмендеген. Оған тімді перинаталдық технологияларды, жаңа клиникалық хаттамаларды ендіру, сондай-ақ перинаталдық көмекті өңірлендіруді қоса алғанда шұғыл медициналық көмек көрсетуді жетілдіру себеп болған. Алайда пандемиядан кейін ана өлімі көп тіркеле бастаған.

Бұл көрсеткіштерді төмендету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен баланы қорғауға қатысты 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеген. Бұл құжатта 2030 жылға қарай ана өлімін 100 000 тірі туғандарға шаққанда 13,0-ге дейін және нәресте өлімін 1000 тірі туғандарға шаққанда 7,1-ге дейін төмендету стратегиясы қарастырылған.

Жоба аясында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасына жыл сайын 7000 квота бөлінетін болады.

Бұдан басқа «Жүкті әйелдерге арналған ашық терезе», «Жүкті әйелдер мен балаларға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерін» ұйымдастырылады. «Босануға дайындық мектебі», «Отбасын жоспарлау мектебі» және «Дені сау бала кабинеті» бейінді денсаулық мектептерінің жұмысы жетілдіріліп, «Дені сау ана» пансионаттары құру жоспарланған.

Сондай-ақ 2026 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Тараз, Орал, Қарағанды қалаларында, Алматы облысының Қаскелең ауылында және Түркістан облысының Темірлан ауылында аналар мен балаларға медициналық көмек көрсету үшін заманауи 13 перинаталдық орталық салынады. Бұлардан бөлек Астана қаласында «Акушерлік және гинекология» ғылыми-зерттеу институтының құрылысы басталады.
Тұжырымдамада балалар мен жасөспірімдер денсаулығына қатысты көптеген маңызды мәселе қамтылған. Бұл жоба 24 мамырға дейін талқылауда болады.