Қазақстаннан заңсыз шығарылған 575 млн доллар шетелдік юрисдикциялардан қайтарылды
Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы сомасы 620 млрд теңгеге активтерді қайтаруды қамтамасыз етті, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар елге қайтарылды. Бұл мәліметтен жұма күні Бас прокуратурада өткен Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мәлім болды.
«Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар» делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, Жоғарғы Сот бұрын негізсіз олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған шешімдерге Бас Прокурордың 24 наразылығын қанағаттандырды.
«Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды. Жоғарғы Соттың қаулысы астаналық «Думан» қонақ үй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді» делінген хабарламада.
Бұдан басқа, соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлікті қайтару жөніндегі ондаған талаптарды қанағаттандырды. Олардың ішінде өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер және т.б. бар.
Мәселен, сот шешімі бойынша АМӨЗ меншігіне Атырау қаласындағы Сұйытылған мұнай газды сақтау паркінің 50% үлесі қайтарылды. Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы сомасы 620 млрд теңгеге активтерді қайтаруды қамтамасыз етті.
«Басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сұрау хат жолданды. Олар бойынша 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынды. Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының (ҚӨТ) кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алды» делінген хабарламада.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ҚӨТ компанияларына 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салды, ал БҚДА 4 млрд теңгеге санкциялар қолданыпты.
«Прокурорлардың шараларымен олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын 460 мың гектардан астам жер қайтарылды. Сондай-ақ нарықтық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайлары мемлекетке қайтарылды» делінген ақпаратта.
Шетелде мүлікті анықтау мақсатында шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда әлемдегі ең ірі активтерді қайтару жөніндегі халықаралық орталығымен (ICAR) ынтымақтасу мақсатында, оның негізгі ұйымы Базель басқару институты мен Қазақстанның Бас прокуратурасы арасында келісімге қол қойылған.
Бұған дейін, Шетелге заңсыз шығарылған 670 млрд теңгеге жуық актив елге қайтарылғаны хабарланған болатын.