Бүгін Қытайдың CCTV телеарнасының эфирінен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты көрсетіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
«Президент ҚХР-ға мемлекеттік сапары қарсаңында еліміздің Қытаймен саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының даму перспективаларына, қазақ-қытай қатынастарының тарихы мен бүгінгі жай-күйіне, жаһандық және өңірлік саясатқа қатысты Leaders Talk бағдарламасының сұрақтарына жауап береді», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес Leaders Talk – халықаралық проблемалар талқыланатын бағдарлама. Бұған дейін аталған бағдарламаға 20-дан астам мемлекеттің басшылары мен халықаралық ұйымның жетекшілері эксклюзивті сұхбат берген.
Еске саламыз, Қасым-Жомарт Тоқаев 17-19 мамырда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Сиань қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ, сапар аясында Президент Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі және «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады.