Орман, балық және аңшылық шаруашылығы саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қосымша үстемеақы белгіленеді.
Осыған байланысты «Ашық НҚА» порталында Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2022 жылғы 24 ақпандағы № 58 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» мәселе талқыланып жатыр.
Құжатқа сәйкес Мемлекеттік орман күзеті қызметтерінің, табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларының және жануарлар дүниесін қорғау, ормандарды қорғау, қорғау, өсімін молайту және орман пайдалану жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың инспекторларына, сонымен бірге балық шаруашылығы су айдындары және балықтандыру бойынша өсім молайту кешенінің мемлекеттік кәсіпорындарының қызметкерлеріне денсаулыққа және өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты жұмыс үшін лауазымдық ақыдан 100 % мөлшерде ақы төлеу көзделген.
«Бұл сала мамандарына сонымен бірге қауіпті және аса қауіпті індеттердің қоздырғыштары және оларды жұқтыруы мүмкін және жұқтыру әлеуеті бар материалдармен мәселен, жануарлар мен құстардың, кене, шыбын-шіркей, тышқан тектес кеміргіштердің аса қауіпті індеттерінің қоздырғыштарын жұқтырған патологиялық материалдармен байланысты жұмыс жүргізгені үшін 140 % көлемінде ақы төленеді» делінген құжатта.
Сонымен қатар орман өрттерін, оның ішінде арнайы құрал-жарақтарды қолдана отырып сөндіруге қатысқаны үшін, тікұшақ техникасы арқылы десант түсіру, орман зиянкестері мен ауруларына қарсы күрес жүргізу барысында әр жұмыс сағаты үшін де қаражат қарастырылған. Бұйрық 25 мамырға дейін талқылауда болады.