2023 жылдың I тоқсанында кәсіпорындарға жүргізілген мониторингтің нәтижесі нақты секторда экономикалық белсенділіктің орташа өсу қарқынын көрсетті. Бұл туралы Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
Нақты секторда сұраныс ұлғайғаны, өсу тұрғысынан дайын өнім бағасының қарқыны бәсеңдегені, өндірістік қуаттардың жүктемесі мен инвестициялық белсенділік деңгейі төмендегені байқалды.
2023 жылдың I тоқсанында дайын өнімге сұраныс жақсарды. Диффузиялық индекс (ДИ) 51,4-тен 52,9-ға дейін ұлғайды. Тауар өндіру секторында (53,4) және қызмет көрсету секторында (52,7) көрсеткіш жақсарғаны байқалды.
Кәсіпорындардағы дайын өнім бағасының өсу қарқыны баяулап, ДИ 59,6 құрады (2022 жылғы IV тоқсанда – 62,3).
Әдеттегідей, кәсіпорындар Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалы бизнес жүргізуге кедергі екенін айтады. Бұл туралы сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 34,1%-ы мәлімдеді. Басқа кедергілер: бәсекелестік (30,0%); салық деңгейі (24,8%); білікті кадрлардың жетіспеуі (23,9%); сатып алушыларды іздестіру (23,5%); реттеуіш өзгерістер (15,1%); дебиторлық берешекті қайтарудың күрделілігі (13,9%) болып отыр. Маңыздылығы жағынан қаржыландыруға қолжетімділік 8-орында (13,5%) тұр.
Нақты сектордағы кәсіпорындардың сауалнамасын біріктіріп бағалауды білдіретін композиттік озыңқы индикатор (KOИ) 100,3 деңгейінде сақталды. Бұл – әлсіз болса да экономикалық өсімнің оң динамикасы сақталып отырғанын білдіреді.
2023 жылдың I тоқсанында сауалнамаға 3 366 кәсіпорын, оның ішінде 1587 ірі және орта кәсіпорын қатысты.