«Ұлттық қор – балаларға»: қаражат қалай бөлінеді?

Жарияланды

Астанада «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасының жай-жапсары талқыланды. Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, 2022 жылдың басындағы ресми деректер бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалар саны шамамен 6,5 млн адамды құрайды.

«Ұсынылған алгоритм бойынша жобаны іске қосу үшін заңнамаға өзгерістерді қосқанда дайындық жұмыстарын жүргізу қажет болады. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттарының бастамашы тобы мемлекеттік органдармен бірлесіп заңнамаға түзетулер әзірледі. Толықтырулар 6 кодекске және 10 заңға енгізіледі. Түзетулер Ұлттық қор қаражатын жоба шеңберінде балаларға есептеу мен төлемдерге пайдалану тетігін енгізу мәселелерін қамтиды», – деді Берік Бейсенғалиев.

Сондай-ақ есептеу алдыңғы 18 жылдағы орташа жылдық мән есебінен жүргізіледі.

«Алғаш рет ұлттық байлықты Қазақстанның 18 жасқа дейінгі жастары арасында бөлуге мүмкіндік туды. Яғни, ұлттық байлық жыл сайын біз жүзеге асырып жатқан бағдарламалар аясында балалар арасында тең бөлінеді. Бұл нені білдіреді? Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы балалар арасында теңдей бөлінеді. Есептеу алдыңғы 18 жылдағы орташа жылдық мән есебінен жүргізілетін болады. Неге 18 жыл деген сұрақ туады. Себебі нарықтағы дағдарыс жағдайына сүйеніп, кейде Ұлттық қордың кірісі теріс мәнге ие болуы мүмкін», – деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.

Айтуынша, осындай теріс мәнді теңестіру үшін осындай ұзақ кезең аралығы есептеледі.

«2005 жылдан 2023 жылға дейін орташа мән 2,6%-ды құрайды. Яғни, қазір 18 жасқа толмаған балалар 6,5 миллион адам бар. 6,5 млн адам Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігін алады. 3500 долларға келсек, бұл Ұлттық қордың ағымдағы белгілері, осы 18 жыл ішінде алынған инвестициялық табыстың ағымдағы мөлшерінен және табыстың орташа мөлшерінен туындайды», – деді депутат.

18 жыл ішінде жинақталған бұл қаражат тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үйді жақсартуға, бастапқы жарна ретінде жұмсай алады немесе білім беруге, соның ішінде шетелде білім алуға жұмсай алады.

«Егер бала 18 жасқа толғанға дейін Қазақстаннан шығып, азаматтығын ауыстырса, онда ол осы қаражатқа құқығынан айырылады. Ал бала елден кеткеннен кейін қаражат басқа балалар арасында бөлінеді», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз